Тұрғындарға ағын су ішуді ұсынып, 6,5 млн теңгені жымқырған шенеунік сотталды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі КММ-нің экс-басшысы 6,5 миллион теңге ұрлаған. Бұл жайлы Жамбыл облысы, Қордай ауданының прокуратурасы хабарлады.

«Іс материалдарынан белгілі болғандай, Сарыбастау ауылында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы М. «Қордай су» МКК директоры К. және кәсіпкер Е. құжаттар бойынша құны 12,3 миллион теңгені құрайтын су мұнарасын салуы тиіс болған. Алайда нысанды егжей-тегжейлі талдау және визуалды қарау су мұнарасының шын мәнінде салынбағанын көрсетті», делінген прокуратураның баспасөз хабарламасында.

Мемлекеттен бөлінген қаражатты өзара бөліп алған. Прокуратура мәліметінше тараптар 6,5 миллион теңгені иемденіп, ауыл тұрғындарына ағынды суды пайдалануға кеңес берген.

Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы ҚК-тің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары Жамбыл облысы прокуратурасының арнайы прокурорларына берілді.  Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданған.

«Қордай аудандық сотының 18.07.2023 жылғы үкімімен М. ҚК-тің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәсіпкер Е. ҚК-тің 28-бабы 5-бөлігі – 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Заңсыз игерілген ақша толығымен мемлекетке қайтарылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз