Ұялы байланыс операторлары тарифтік жоспарларына бағаның көтерілуі назарда – БҚДА

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыстың жекелеген тарифтік жоспарларына бағаның өсуі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Жалпы еліміздің ұялы байланысы нарығында тек 3 байланыс операторы бар. Олардың екеуі «Kcell» АҚ (kcell/aktiv) және «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) Қазақтелекомға тиесілі. Олардың нарықтағы үлесі 62 пайызды құрайды, ал «Карт-Тел»ЖШС-нің (Beeline) үлесі 38 пайыз. Осы үшеуі бірігіп нарықтың 100 пайызын алып жатыр.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов бұл байланыс операторларының бағаларды көтеруіне қатысты түсініктеме берді.

«Операторлардың тарифтердің көтерілуі туралы хабарламаларына келсек. Қазіргі уақытта Агенттік өз құзыреті шегінде тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Сұраныс жіберілді, бағалар бақылауда. Бірақ бұл ретте Агенттік бағаның көтерілуінің негізділігін монополияға қарсы заңнаманы монополиялық жоғары бағаны белгілеу үшін бұзу белгілері болған жағдайда ғана тексеру барысында анықтай алады», дейді агенттік өкілі.

Сонымен бірге Болат Сәмбетов ұялы байланыс операторлары тарапынан тарифтерді негізсіз көтеру фактілері болса, заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделгенін айтты.

«ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабына сәйкес нарық субъектілерінің монополиялық жоғары бағаларды белгілеу, ұстап тұру арқылы өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалануы – ірі кәсіпкерлік субъектілеріне монополиялық қызмет нәтижесінде бір жылдан аспайтын мерзімде алынған монополиялық кіріс тәркіленіп, монополиялық қызмет нәтижесінде алынған кірістің (түсімнің) бес пайызы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», дейді ол.

Осы орайда биыл ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларына байланысты бағасы 8-ден 50 пайызға дейін өскенін айта кеткен жөн. 2021-2022 жылдарға тарифтердің өсуі орта есеппен 13-тен 37%-ға дейін көтерілген. Ал 2022 жылдан бастап осы уақытқа дейін Агенттікке тарифтердің көтерілуіне және талап етілмеген қызметтердің салынуына қатысты 200-ден астам шағымдар келіп түскен екен.

«Біз байланыс қызметтерін, тұтынушылардың арыз-шағымдарын қарауға кешенді түрде қараймыз, түсінеміз, талдаймыз. Бірақ тағы да қайталап айтамын, нарық субъектілері өз құқықтарын пайдалана отырып, басқалармен қатар, Агенттіктің өтініштеріне жүгінеді. Қазір сот процестері жүріп жатыр», дейді агенттік өкілі.

Сонымен бірге ол неліктен ұялы байланыс бағасын мемлекеттік реттеу қажеттігін түсінідірп берді.

«Ұялы байланыс нарығы мемлекет тарапынан жоғары шоғырланған және басымдыққа ие. Оның монополиялық жағдайы байланыс нарығындағы жағдайға ықпал етеді. Сонымен қатар, 2022 жылы Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасында бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа сәйкес «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобын монополиясыздандыру мақсатында еншілес ұялы байланыс операторларын кезең-кезеңімен енгізу арқылы қарастырылып отыр. Осыған орай, ұялы байланыс қызметтері әлеуметтік маңызы бар нарықтар тізбесіне енгізілсе, тарифтерді байланыс саласындағы уәкілетті орган – Министрлік реттейтін болады, бұл баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етеді», дейді агенттік сарапшысы.

Сондай-ақ оқыңыз