Осы жылдың басынан ҚР Ұлттық музейіне 310 мың адам келді. Салыстырмалы түрде, былтыр бір жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық музейге 330 мың адам келген. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің әлеуметтік желілеріндегі тікелей эфирде Ұлттық музей директоры м.а. Айбек Сыдықов айтты.
Ол келушілердің өсу динамикасының себебін биылғы сәуірде екі жаңа залдың ашылуымен байланыстырады. Бұл барлық жастағы келушілер үшін қызығушылық тудыратын Палеонтология залы мен Қолөнершілер орталығы. Палеонтология залында тиранозавр, гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып индрикотерий мүйізтұмсығы, мамонт және басқа да біздің заманға дейінгі ежелгі дәуірдегі жануарлардың қаңқалары мен қалдықтары бар. Ал, Қолөнершілер орталығында түрлі кәдесыйлар мен шеберлердің үздік сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылады.
Жыл басынан ұлттық музейде 22 ірі көрме өтті. Оның 4-і халықаралық деңгейдегі жоба. Сондай-ақ «Музей түні» халықаралық акциясы аясында Ұлттық музейге бір түнде 47 мыңнан астам адам келіп, рекорд орнатқан болатын.
Бірінші жартыжылдықта музей қоры 4000-нан астам экспонатпен толықты.
«2014 жылдан бері Ұлттық музей тарихында келушілер саны бойынша екі ірі көрсеткіш тіркелді. 2017 жылы, ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында 280 мың адам келсе, былтыр бұл көрсеткіш 330 мың адамға жетті. Ал, биыл алғашқы алты айда ғана 310 мың келуші тіркеліп отыр. Бұл қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар тарапынан халқымыздың мыңжылдық мәдени мұрасы мен тарихына қызығушылықтың артқанын білдіреді»,- деді ҚР Ұлттық музейі директоры м.а. Айбек Сыдықов.