Инфляцияның баяулауы – азық-түліктің арзандауы емес
Базалық пайыздық мөлшерлеме – Ұлттық банктің инфляциямен күрестегі жалғыз мандаты. Базалық ставка жоғарыласа, банк несиесі де қымбаттайды. Сөйтіп, халық несиені аз алады, соның әсерінен тауарлар мен қызметтерді тұтынуы да төмендейді. Халық тарапынан қандай да бір өнім түріне сұраныстың азаюы бағаның төмендеуіне алып келеді.
Әзірге бұл қисын жұмыс істеп тұрған сияқты. Өйткені жыл басында 20 пайыз болған қорқынышты инфляцияның қазір беті біршама қайтқан. Маусымның қорытындысы бойынша 14,6 пайыз болып тұр. Ал Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын әзір тоқтата қоюға бейілді емес.
Инфляция деңгейін екі есе түсіру мүмкін бе?
Үкімет қазіргі 14,6 пайыз инфляция деңгейін екі есе төмендету керек деген міндет қойып отыр екен.
«Бұл үйлестірілген және алдын алу шараларын талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп инфляцияны мақсатты мәнге дейін төмендетуі тиіс», дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, Қазақстанда инфляция төрт ай қатарынан төмендеуде және маусымдық факторлардың айқын көрінуінен азық-түлік инфляциясының тұтыну бағаларының жалпы өсуіне қосатын үлесі азаюда. Жалпы, Ұлттық Банк инфляцияның осы жылдың соңына қарай 11-14%-ға дейін баяулауын күтеді.
« Азық-түлікке әлемдік бағаның одан әрі төмендеуі және сауда әріптес елдеріндегі инфляцияның төмендеуі инфляцияға тежеуші ықпал етеді. Проинфляциялық тәуекелдер ішкі факторлар тарапынан сақталып отыр. Ол – инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде орнығу ықтималы, фискалдық ынталандырудың күшеюі, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері бағаларының өсуінен болатын барынша күшті жанама әсер ету. 5 шілдеде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Инфляцияның баяулауы болашақта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету үшін жағдай жасауда. Болжамдық раунд нәтижесін негізге ала отырып, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім қабылдау кезінде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жан-жақты қарау арқылы төмендету орындылығын бағалайды», деп түсіндіреді ҰБ өкілі.
Өздері күткендей Ұлттық банк ставканы төмендету траекториясына көшуге емеурін білдірді деп мәлімдейді.
«Ставканы төмендетуге қатысты шешім тамыз отырысында қарастырылуы мүмкін. Бірақ Ұлттық банк әлі де болса жанар-жағармай есебінен баға өсімінен және жоғары инфляциялық күтулерден қауіптенеді. Олар сыртқы жағдайларға байланысты мұнай нарығындағы тұрақсыздық салдарынан туындп отырған дамыған елдердегі рецессия қорқынышын алға тартады. Бұл ең бірінші кезектегі батыс орталық банктерінің инфляциямен күрестегі қатаң шараларымен қатыстыра айтылады. Біздіңше бұл қажетсіз сілтеме, «халықаралық тәжірибелерге сәйкес» стиліндегі шешімді негіздеу секілді көрінеді», деп жазады Tengenomika арнасының сарапшылары.
Еуразиялық даму банкі сарапшыларының бағалауынша, бөлшек сауда айналымының күшті көрсеткіштері мен жеке тұлғалардағы несие жүктемесі ішкі нарықтағы сұраныстың жоғары екенін айғақтайды.
«Аталған ішкі факторлар сыртқы сектордың инфляциялық әсерін (әлемдік тауарлық-шикізат нарықтары және сауда-серіктес елдер тарапынан баға қысымының әлсіреуі) ішінара өтейді. Базалық ставканың қазіргі деңгейі инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға мүмкіндік береді», дейді ЕАДБ сарапшылары.
Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін бе?
Егер инфляция әрі қарай төмендейтін болса онда қадағалаушы ставканы төмендету процесіне үшінші тоқсанда кірісе алады деп болжайды. Олар сондай-ақ биыл инвестиция көлемінің 17,2 пайызға өсуіне байланысты экономика өсімі де жоғары болады деген пайым айтады. Бірақ олар ЖІӨ бойынша көрсеткішті осының алдындағы болжамдағыдай (4,3 пайыз) сақтаған.
Жалпы, ЕАДБ сарапшылары жыл соңында инфляция 7,9 пайызға дейін баяулайды деп күтеді.
Tengenomika аналитиктері маусымда қазақстандықтардың инфляциялық күтулерінің жоғары деңгейде сақталып қалғанын, дегенмен бірқатар көрсеткіштердің жақсара бастағанын хабарлайды.
«Респонденттер алдағы 12 айда негізінен баға өсімі жанар-жағармай және тамақтану өнімдерінің қымбаттауынан туындайды деп күтеді. Дегенмен, ағымдағы бағалар өзгеріссіз қалады немесе бағаның өсуі тезірек болады деп күтетін респонденттердің үлесі маусымда 63%-ға дейін (мамырда 65%) төмендеді. Сондай-ақ бір жылдық горизонтта бағаның жылдам өсуін күтетін үлес 2023 жылғы маусымда 17%-ға дейін азайды (2023 жылғы мамырдағы 25%-ға қарсы)», делінген аналитиктер шолуында.
Азия даму банкі биыл Кавказ және Орталық Азия елдерінде инфляция деңгейі 10,6 пайыз және 2024 жылы 7,8 пайыз деңгейінде болады деген болжам айтады. Олардың пайымы бойынша, Қазақстан үшін қазіргі уақытта сыртқы инфляциялық қысымдар біршама бәсеңдеді, оның есесіне тариф және бюджет шығындары ұлғайды. Бұл өз кезегінде инфляцияның баяулауына біршама кедергі келтірмек.
Тариф VS инфлияция
Көпшілік жыл соңына дейін инфляция айтарлықтай төмендейді деп күтеді. Бірақ оған ешкім де кепілдік бере алмайды.
Оның үстіне елімізде бірқатар ұлттық компаниялардың тарифтері көтерілейін деп жатыр және алда жаңа оқу маусымы, жылыту маусымы (киім-кешек, оқу құралдары және коммуналдық төлемдер қымбаттайды) және жазғы азық-түлік кезеңінің аяқталуы келе жатқанын да ескеруіміз керек.
Күз – бағалардың, жалпы экономикалық ахуалдың құбылмалы болатын, тиісінше алуан түрлі «тосын сый» дайындап тұратын қиын кезең. Сондықтан Ұлттық банк келесі отырыста базалық ставканы төмендетеді деп кесіп айта алмаймыз. Төмендете қалған күннің өзінде 0,25 пайыздық тармақтан әрі апармайтыны түсінікті. Өйткені базалық ставканы күрт түсіру экономикаға елеулі зиян алып келуі ықтимал.
Бір анық нәрсе біз орта мерзімді перспективада инфляциялық өсімнің баяулауына қол жеткізгенімізбен, баға төмендеуіне апарар жолды әзір таба алмайтын секілдіміз. Өйткені инфляцияның төмендеуі – бағалардың арзандауы емес. Бұған бір себеп – негізінен шикізаттық ел екеніміз болса, екінші себеп – Ресейден келетін арзан тауарға тосқауыл қоя алмай отырғанымыз.