Ресейден Қазақстанға ақша аударымдары 24%-ға азайған

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ресейден Қазақстанға ақша аударымдары 24 пайызға азайған. Бұл жайлы Ranking.kz жазады.

Аударым көрсеткіштері қалай өзгерді?

Биыл қаңтар-мамырда қазақстандықтар мен шетелден келген қонақтар халықаралық ақша аудару жүйелері (ААЖ) арқылы шетелге 349,2 млрд теңге жіберген. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8% аз.

Ал шетелден түскен ақша аударымдарының көлемі 137,6 млрд теңгені құраған, бұл 2022 жылғы қаңтар–мамырмен салыстырғанда 23% аз.

Биылғы көрсеткіштерге келер болсақ, 2023 жылдың мамыр айында шетелге 90 млрд теңге жөнелтілген. Бұл сома биылғы сәуірмен салыстырғанда 17,7%-ға көп, алайда 2022 жылдың мамырындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 8,5% аз.

Шетелден келіп түскен қаражат көрсеткіштері келесідей: 2023 жылдың мамыр айында ақша аудару жүйесі арқылы шетелден 28 млрд теңге түскен. Бұл биылғы сәуір айындағы қаражатпен салыстырғанда 6,5% көп, ал 2022 жылдың мамырымен салыстырғанда 2,5 есеге аз.

Қандай елдерге ақша көп жіберілген?

Қазақстаннан ақша аудару жүйесі арқылы ақша жіберілген елдердің ішінде Түркия көш бастап тұр. Бұл елге 2023 жылдың қаңтар–мамырында 89,5 млрд теңге аударылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,4% аз.

Екінші орында 89 млрд теңгемен Ресей тұр. Бұл қаражат 2022 жылдың қаңтар–мамырымен салыстырғанда 39,8% көп.

Ал үшінші орынды Өзбекстан алды. Оңтүстіктегі көршімізге елден 81,5 млрд теңге жіберілген, десе де бұл қаражат бір жыл бұрынғыдан 13% аз екен.

Сондай-ақ айтарлықтай көлемде, яғни 36,7 млрд теңге Грузияға, 11,3 млрд теңге Қытайға және 10,8 млрд теңге Қырғызстанға аударылған.

Қазақстанға қай елдерден көп ақша аударылды?

Ақша аудару жүйесі арқылы ҚР-ға ақша аударған елдер ішінде Ресей бірінші орында тұр. Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында бұл елден елімізге 54,9 млрд теңге келген. Алайда бұл 2022 жылдың қаңтар–мамырымен салыстырғанда 24,1% аз. Сондай-ақ Өзбекстаннан 14,7 млрд теңге, Оңтүстік Кореядан 13,9 млрд теңге және АҚШ-тан 13,9 млрд теңге аударылған.

Айта кетейік, биыл мамырда Ресейден 10,6 млрд теңге аударылған. Бұл ҚР-ға аударылған барлық ақшаның 37,8%-ын құрайды. Ал бір жыл бұрын аударымдардағы Ресейдің үлесі барлық аударымның 65,9%-на тең болып, 45,6 млрд теңгеге жеткен.

Биыл Қазақстанға ақша жөнелтуші елдер арасында Ресей көш бастап тұр. Оған Қазақстанға аударылған қаражаттың 40,4%-ы тиесілі екен.

Сондай-ақ оқыңыз