2023 жылы қаражатты қайда инвестициялаған дұрыс?
Қорда ақша бар, бірақ оны қалай кәдеге жаратарыңызды білмей жүрсеңіз, онда инвестиция — ең оңтайлы тәсіл. Бірақ сол қаражатты қайда құю мәселесі тіпті күрделі. Өйткені әдіс түрі көп, әйтсе де нақты сізге сәйкес келетінін табу үшін біршама білім жинау қажет. Kursiv Media тілшісі 2023 жылы қайда инвестициялауға болатыны туралы топтама әзірледі.
Жылжымайтын мүлікке инвестициялау. Байырғы әрі көпшілікке жақсы таныс әдіс саналады. Әлі күнге дейін қаражат сақтаудың ең сенімді әрі қауіпсіз түрі деп есептеледі. Өйткені қалай болған күннің өзінде қолыңызда кейін жалға беретін не сатып жіберетін актив қалады. Ақшаның құнсыздануынан да қорғану үшін дағдарыс кезінде осы тәсілге көптеп жүгінеді.
Артықшылықтары
- Өтімді актив. Әрине, жылжымайтын мүлік нарығында баға құбылып, тоқырау болып тұрады. Дегенмен пәтер бағасының жалпы динамикасы үнемі оң көрсеткіш көрсетеді.
- Риэлторға барғанда не пәтерге заңды тексеріс жасатқанда төнетін қауіп мөлшері төмен.
- Экономикалық не қаржылық арнайы сауаттың болуы міндетті емес.
Кемшіліктері
- Көлемді қаражат құю керек.
- Арнайы білім қажет емес десе де, нарықтағы жағдай туралы бәрібір ақпарат алып, біліп отыруыңыз қажет болады.
Жылжымайтын мүлік саласындағы басты 4 бағыт
- Бұрын адам тұрған үйді сатып алып, жөндеу жұмысын жасап, қайта сатуға болады. Пәтерге деген сұраныс жоғары қалаларда тиімді тәсіл. Айталық, Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполистерде. Үстінен 20-30 пайыз пайда көруге болады. Айналым мерзімі — шамамен 1 жылға жуық.
- Енді салынып жатқан үйден пәтер сатып алуға болады. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң сатсаңыз, орта есеппен 30-70 пайызға дейін пайда көре аласыз. Бірақ айналым мерзімі ұзақтау — 5 жылға дейін созылып кететін кездері болады. Тағы бір кемшілігі — құрылыс уақытша тоқтап не мерзімінен кешіктірілуі мүмкін. Сондықтан дағдарыс кезінде бұл әдісті пайдаланбаған жөн.
- Пәтер сатып алып, оны жалға берсеңіз болады. Жылына шамамен 6-8 пайызға дейін пайда әкелетін, ай сайын тұрақты пассив табыс болып тұратын тәсіл. Бір жаманы — жөндеу жұмысын жиі жасап тұру керек болады. Одан қала берді, ол пәтерде тұратындардың үстінен бақылау жасап, үйдің жағдайын тексеріп отыруыңыз қажет. Егер жалға алушылар нашар болса, жүйкеңізді жұқартуы ғажап емес. Төлемді уақытылы алып отыру, әлдебір мәселелер туындаса, дереу шешу сынды шаруалары бар.
- Үйді кейін сатып жіберу үшін салуға болады. Бұл әдіс, әрине, өте күрделі. Екінің бірі бұлай жасай алмайды. Өйткені жер телімдерін табу, оларды салыстыру, құрылыс жұмыстары туралы жақсы білу керек. Әрі үйді салған соң, адам бірден кіретіндей дайын қылып салу қажет. Олай болмаса, сырты дайын, ішіне әлі жөндеу жұмысы жасалмаған үйді сату қиын. Егер орнын дұрыс таңдай алсаңыз, пайдасы 100-200 пайыз болуы мүмкін. Қала сыртынан, жақсы жерден салсаңыз, дайын үйге қызығатындар көп болады.
Акция, облигация, валютаға инвестициялау. Оның мынадай үш түрін айта аламыз:
- Түрлі қаржы құралдарына салым жасап, жеке инвестициялық шот жүргізуге болады. Айталық, әлдебір компанияның облигациясын не акциясын сатып аласыз да, сол алынған активтерден пайда көріп отырасыз.
- Акция, облигация, валютаға инвестиция жасай аласыз. Бұл ұзақ мерзімге қаражат сақтауға арналған әдіс. Сөйтіп дивидендтерден не курс көтерілгенінен табыс түсіп отырады.
- Биржада сату арқылы. Түрлі құралдың курстары айырмасынан пайда көруге болады. Яғни арзандау кезінде аласыз, қымбаттағанда сатасыз.
Ақшасы аса көп емес адамға облигация алған дұрыс. Өйткені бағасы тым қымбат болмайды. Компания акцияларын алып, әжептәуір табысқа кенеле аласыз. Бірақ алдын-ала дайындық жасап, білім жинау қажет. Өйткені бұл саладан бейхабар адам ақшасынан айырылып қалуы мүмкін. Сол себепті енді бастаған болсаңыз, онда ірі корпорацияларға ғана инвестиция салған жөн. Әлбетте, ол үшін қаражаттың да қомақты болғаны жақсы. Биржада сауда жасауға келсек, минимум қаражатпен бастап кетуге оңтайлы әдіс. Дегенмен оған да арнайы білім қажет. Бір жақсысы, брокерлер сізге жол көрсетуге әзер дайын болады. Тіпті көпшілігі тегін үйретеді. Ал енді пайдасына қатысты айтар болсақ, жылдық пайдасы — орта есеппен 20-30 пайыз. Бұл әдіс арқылы инвестиция жасау үшін бар болғаны білім жиып, нарықтан барынша хабардар болғаныңыз абзал. Қызбалыққа салынып шешім қабылдаудың қажеті жоқ.
Металға инвестициялау. Алтын, күміс, платина бағзы заманнан бері құнды металл саналады, бағасы да өсе береді. Сондықтан болашағы бар, ақша сақтаудың сенімді тәсілі саналады. Дегенмен еш кемшілігі жоқ деп айта алмаймыз. Ол туралы төменде айтамыз.
- Ұзақмерзімді перспективада қарастырғанда, металл бағасы тұрақты түрде өсіп тұрады.
- Сейфте сақтауға болады. Көзге көрінетін, қолда ұсталатын бұйым (құйма не тиындар).
- Пассив табыс жоқ.
- Алаяқтарға тап болуыңыз мүмкін. Сондықтан қымбат металдарды тек банктерден алған абзал.
- Сақтау шарттары қиын. Егер дұрыс күтпесе, онда бағасы құлдырып кетуі мүмкін.
- Бұл салым көбіне ұзақ мерзімге бағытталуы керек. Өйткені алтын мен күміс жалпы тенденция тұрғысынан қарағанда бағасы өсетінімен, жылдар бойы бағасы төмендеп тұруы мүмкін. Зергерлік бұйымдар болса, винтаж затқа айналғанда немесе әу бастан эксклюзив болып жасалған жағдайда ғана қымбаттайды.
- Ұрпағын ойлайтындарға осы әдіс өте жақсы. Өйткені өзі пайдасын көрмеуі мүмкін. Бірақ артына мұра қылып қалдырғысы келгендерге болады. Сондай-ақ, капиталыңыздың бір бөлігін сақтап қалу үшін де қолдана аласыз. Айтпақшы, металдарға инвестиция жасау үшін де біршама білім жинаған дұрыс.
Шедеврлар сатып алу. Өнер туындысын сатып алып, инвестициялау тәсілі де бар. Өте сәнді, бірақ қымбат әрі тұрақсыз әдіс. Өйткені шедеврларды сатып алуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Расында, «шіріген» бай болуыңыз керек. Әлі таныла қоймаған адамның туындысын «кейін шедеврге айналып кетер-ау» деген оймен сатып алудың тәуекелі жоғары. Тағы бір айта кететіні, бұл салада алаяқтық көп. Жалған эксперттерге тап болуыңыз мүмкін. Туындыны түпнұсқа деп алдап, сан соқтырып кететіндер көп.
- Егер дөп түссеңіз, онда өнер туындысының бағасы жыл өткен сайын тек қымбаттай береді.
- Одан түскен ақшаны инвестицияға салуға болады.
- Алаяқтық көп болғандықтан, сақ болған жөн.
- Пассив табыс түсіп тұрмайды.
- Бағасын алдын-ала болжау қиын.
Бұл әдісті салада әбден сарапшы болған, өнерді жақсы білетін не сондай танысы адам бар адамдар қолданғаны жөн. Болашағы бар деген лоттарды сатып алып отыру үшін де бәрінен хабардар болып отыру қажет. Әлдекімнің «қазір 10 мың теңгеге сатып алып қалыңыз, жарты ғасырдан кейін мүсіннің бағасы 100 есе өседі» деген сөзіне сене беруге болмайды. Өйткені көбіне осылай айтқаннан кейін алғандар үйіне басы-артық бұйым ғана сатып алған болып шығады.
Бизнеске инвестициялау. Біреудің кәсіпорнына ақша салып, одан дивиденд алып отырған, әрине, жақсы. Қолыңыз бос, ақша болса түсіп жатыр. Бұлай жасап жүргендер бар. Бірақ бәрі сіз ойлағандай оңай емес. Не жолыңыз болып кетіп, табысқа кенелесіз, не бизнес саласы туралы өте жақсы біліп, сол арқылы толағай пайда көресіз. Стартаптың болашағына сеніп қана қоймай, оның өсуіне қатысты бағаға да дұрыс болжам жасай білу маңызды.
- Табыс көлеміне шек жоқ. Барлығы стартаптың «атуына» және келісімшарт шартына байланысты.
- Пассив табыс түсіп тұрады.
- Келісімшарт құжатын дұрыстап жасау керек. Олай болмаған жағдайда сізді шетке ысырып тастауы мүмкін.
- Көлемді қаражат құйсаңыз, көретін пайда көлемі де сондай үлкен болады.
- Тәуекелі жоғары сала саналады. Өйткені стартап сәтті болмай шығуы мүмкін. Сондықтан нарықты зерттеу қажет.
Егер айтарлықтай көлемді ақшаңыз бар болып, ол ақша сізден артылып тұрса, бизнестен хабардар болсаңыз, онда бұл әдіс сізге арналған. Таныс-тамырға сеніп, «олар алдап кетпейді» деп оңды-солды қаражат құя беруге болмайды. Өйткені бизнесте мұндай ереже жоқ. Сізге керегі анализ ғана. Досыңызға деген ақ пейіліңіз жағдайды дұрыс бағалауға кедергі келтіруі мүмкін. Барынша сыни көзқараста болыңыз.