Бизнес және мотивация туралы қазақ тіліне аударылған үздік бестселлерлер
Әлемдік бестселлерлер кейінгі кездері қазақшаға жиі аударылып жүр. Бұл тенденцияға оқырман қуанатыны белгілі. Бірінші кезекте, аударма сапасының көңілден шыққаны маңызды десек, одан кейінгі ретте дизайны, маркетиң тәсілдері де басты назарда болады. Kursiv Media тілшісі қаржы, бизнес, мотивация туралы бестселлерлердің қазақша нұсқаларынан топтама әзірледі.
Mazmundama баспасының кітаптары
«Лауазымсыз көшбасшы», Робин Шарма. Өмірдегі және бизнестегі шынайы жетістік туралы хикая. Кітаптың басты айтар ойы — әркім өз өмірінің қожасы. Бақытты болу да, бақытсыз болу да, жауапкершілік алу да, алмау да — өз таңдауыңыз. Бас кейіпкер Блейк Дэвис Нью-Йоркте тұрады. Кітап дүкенінде істейтін ол жұмысына да, әріптестеріне де, жалпы өміріне өкпелі. Ата-анасынан ерте айырылған, Ирактағы соғысқа қатысқан, өзін таба алмай жүрген адам. Сондай сүреңсіз өмір сүріп жүрген кезде оған әкесінің ескі досы жолығады. Кейіпкердің өмірі содан кейін жақсы жаққа өзгере бастайды. Компанияда вице-президент болып өсіп, үйленіп, балалы болады. Оқырманға көшбасшы болу үшін лауазымның болуы міндетті емесін ұғындыруға тырысады. Бағасы — 3000 теңге.
«Ақша психологиясы», Морган Хаузел. Ең ақылды әрі табысты адамдардың өзінде ақшаға қатысты мәселе болуы мүмкін. Оның себебі неде? Кітапта қаржылай табыстың неден құралатыны сөз болады. Кітап авторы бұрын Лос-Анжелестегі қымбат қонақ үйде істеген. Сол кезде өте бай әрі wi-fi роутерлерге арналған құрамдас затты патенттеп алған бір жас жігіт әлгі жерге жиі келеді екен. Оның қаражатпен қарым-қатынасын Морган Хаузел «сенімсіздік пен ақымақтықтың қойыртпағына» теңеген. Мысалы, бірде қонақүй қызметкеріне бір бума ақша беріп, алтын тиындар алуды тапсырады. Сөйтіп сол тиындарды мұхитқа лақтырып, «кім әрірек тастай алады?» деп достарымен жарысқан. Көп ұзамай автор сол адамның банкрот болғанын естиді. Кәсіби тәжірибесі мен өмірден түйгені бар — нәтижесінде Морган он жерден ақылды болса да, эмоциясын басқара алмаған адам қаржылыққа былыққа батады деген ойға келеді. Ал қарапайым адамның өзі керек машықты дамытса, бай бола алады дейді. Үлгі ретінде жанармай бекетінде де, тазалықшы болып та істеп көрген Рональд Джеймс Ридті келтіреді. Оның да оқиғасы қызық. Толығырақ кітаптан оқыған абзал. Бағасы — 4800 теңге.
«Атом әдеттері», Джеймс Клир. Үлкен жүйенің бөлшегі саналатын кішігірім әдеттерді «атом әдеттер» дейміз. Бір қарағанда байқалмайтын, күнделікті жасалатын әдеттер бір-бірімен байланыса келе айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуіңізге септігін тигізеді. Айталық, күн сайын әдеттерді бар болғаны 1 пайызға жақсартып отырсаңыз, жыл соңына қарай бұрынғы өзіңізге қарағанда 37 есе мықтырақ бола түсесіз. Сол сияқты жыл бойы 1 пайызға нашарлай берсеңіз, 37 есе деградация болады. Автор «мықты нәтижеге жеткісі келген адам мақсат қоюмен бас қатырмай, жүйе яки процеске мән берсін» деген ойды жеткізгісі келеді. Жаман әдеттерден арылу үшін «ертеңнен бастап өзгеремін, жаңа адам боламын» деу де — бос әуре. Бар болғаны жүйені реттеу керек. Бағасы — 5000 теңге.
«Аяқ-киім сатушы», Фил Найт. Nike — әлемдегі ең танымал брендтердің бірі. Компания негізін қалаған Фил Найт бүгінде байлардың көшін бастағандардың қатарында болғанымен, кезінде Adidas кроссовкасын алуға жағдайы келмеген. Жарты ғасырдай уақыт бұрын студент болып жүріп Фил әкесінен 50 бакс қарызға алып, Жапониядан кроссовка алып-сатумен айналысып бастайды. Сөйтіп бизнесі өрлеп, бүгінде компаниясының жылдық айналымы 30 миллиард доллардан асып жығылады. БАҚ беттеріне сұхбат бере бермейтін Фил Найт бұл кітапта бар сырын ашады. Аяқ-киім бизнесі қалай басталғаны да толықтай баяндалады. Бағасы — 6000 теңге.
Steppe & World баспасының кітаптары
«Тиыннан теңге құрайтын бала», Рон Либер. Кітап авторы — New York Times колумнисі. Мұнда балалармен ақша туралы қалай сөйлесу керегі жайлы жазылған. Сыйлық сыйлау әдебі, телефон алып бергенде нені ескеру қажет, бала кезден үнемдей білу, басқалармен бөлісу, ақша жұмсау жайлы құнды кеңестер бар. Бала психологиясы, тәрбиесі жайлы ізденіп жүретіндерге арналған кітап. Ата-аналардың көпшілігі баласымен ақша туралы сөйлесудің жолын білмейді. Ол тақырыпты жабық санап, талқылауға қысылатындары да болады. Бірақ баламен қаржы сауаты жайлы сөйлесу керек. Бастысы, ебін таба білсеңіз болғаны. Күнделікті әңгіме, тәрбие арқылы жомарттық, қамқорлық, шыдамдылық пен үнемшілдік секілді қасиеттерді де бала бойына қалай сіңіруге болады? Жалпы ақша туралы сөзді қай жастан бастап қозғаған дұрыс? «Көп» пен «жеткіліктінің» аражігін қалай ажырастамыз? Осы және өзге де маңызды тақырыптар кітапта тарқатылады. Бағасы — шілдедегі акция бойынша 2000 теңге.
«Таң шапағаты. Миллионер», Хал Элрод, Дэвид Осборн, Оноре Кордер. Миллионерлердің көбі таңмен таласып, ерте тұрады деседі. Демек, мұнда жатқан бір сыр бар. Кітаптағы басты ой мынадай: ерте тұру, дұрыс жоспарлау, дамуға арнайы уақыт бөлу — қаржылық еркіндікке апаратын төте жол. Әрине, айту оңай. Кеш тұрып, жұмысын таңға жуық бір бітіретіндерге қайтпек керек? Алдымен, осы кітапты оқудан бастаған абзал болады. Мұнда байып, жағдайын түзегісі келетіндердің қалыптастыруы керек әдеттері жайлы айтылады. Күн шыққанда оңай оянып, күш-қуатқа толы болып жүрудің құпияларын осы кітаптан білесіз. Бағасы — 4450 теңге.
«Өміріңді өзгертер қарыс қадам», Роберт Маурер. Өмірді жақсартатын нақты мақсаттарға жету жолы оңай емес көрінеді. Бір бастап, артынан тастап кететін жайт жиі болады. Әлдекім темекі тастағысы келіп, түрлі әдісті байқап көреді. Бірақ нәтижесі көңіл қуантпайды. Оның себебі неде? Автордың айтуынша, бәрі адамның өзгерістерден қорқатын түпсанасына байланысты. Миымыз қорқыныштан сол қадамдарға қарсы тұруға итермелейді дейді. Әйтсе де, оны жеңудің, дұрыс жолға қоюдың тәсілі бар. Ол — жапониялық кайзен әдісі. Әлдебір мақсатқа жету үшін кішігірім болса да тұрақты қадам басып отыру керек. Кайзенді бүгінде алпауыт корпорациялардың дені қолданады. Қарапайым адамдарға да өміріне енгізуге әбден болады. Роберт Маурер кайзен әдісі арқылы өмірді қызықтырақ етіп, кедергілердің оңай өтудің жолдарын бөліседі. Бағасы — 3400 теңге.
«Инноватор бол», Ави Йориш. Израильдің әлемді алға жетелеген жаңалықтары мен жетістіктері баяндалған. Израильдік өнертапқыштартардың ақшан жаңалықтарын жаза отырып, миллиардтаған адамның өмірін өзгертуге сеп болған очерк. Мысалы, 2003-2004 жылдары омыртқа хирургиясындағы алғашқы ассистнт робот жасалды. Робот алгортимі бел омыртқаны мұздату бойынша жүйе құрастырады. Сөйтіп сол өнімді Израиль мен АҚШ емханаларындағы мәйіттерге салып, сынақ жасайды. Жүйе хирургтің орнын ауыстыруға емес, олардың жақсырақ нәтижеге қол жеткізуіне көмектесу үшін құрастырылған. Ол науқас денесіне тікелей жабыстырылады да, хирургті операция жасалатын нақты орынға бағыттайды. Тесік орны қажет орыннан бір миллиметр, адам шашы жуанжығының бестен біріндей дәлдікпен көрсетіледі. Осы дәлдіктің арқасында хирургтердің операция кезінде жұлын мен қан тамырларын жарақаттау ықтималы азаяды. Ави Йориш кітабында бұдан бөлек, тағы ондаған IT-компанияның табысқа жету оқиғасын баяндайды.