Жанәділ ТАЛДЫБАЕВ, Codiplay компаниясының негізін қалаушы: Қазақстандық компания шетелге шыға алмайды деу — бастағы шектеу ғана
Codiplay — бір жылда табысын 2700 пайызға арттырған қазақстандық стартап. EdTech саласында көлемді даму көрсетіп отырғанына өнімдері дәлел. Бастапқыда компания негізін қалаушы — Жанәділ Талдыбаев қалтасынан 220 мың доллар шығарып, стартап ретінде бастаған еді. Бүгінде бизнестің құны 10 миллион долларға бағаланып отыр. 2026 жылға қарай бағасы он есе артады деген болжам бар. Басты бағыт — балаларға геймификация арқылы бағдарламалауды үйрету. Қазіргі таңда жүзден аса қазақстандық мектепте осы платформа қолданылып жүр. Шағын ғана стартап ретінде басталған жоба екі жылда 200 мың доллардан астам сомаға отандық және халықаралық грант ұтып алды. Компания фаундерімен елдегі білім саласы, стартаптар мен жобаға инвестиция тарту туралы тілдестік.
– Сіздерді небәрі екі жыл ішінде жылдам өскен компания ретінде білеміз. Білім саласындағы, жалпы стартап жобаларға инвестиция тарту үшін қандай қадамдар жасау керек?
– Біздің IT-өнім өте күрделі болғандықтан, оны ұзақ уақыт бойы жасадық. Жобаларымыз қазір өзге елдерде іске асып жатыр. Ал нақты инвестиция тартқанымыз — Қазақстан және Оңтүстік Кореядан. Бұл ретте айта кететін маңызды жайт — инвесторға бұл жобаның бір аймақпен шектелмейтінін, ауқымы кең екенін көрсету білу қажет. Ол біздің қолымыздан келді, көрсете алдық. Одан соң инвестиция тартқанда басты мәселе ақша беретін инвестор табуда ғана емес. Тек қаражат беретін инвестор жобаның болашақ дамуына еш оң үлесін қоса алмауы мүмкін. Сондықтан қаржыдан бұрын, ол инвестордың жобаға тигізер пайдасын, көмегін таразылаған жөн. Ақшаның құны барлық жерде бірдей. Сонымен бірге, инвестор мен фаундердің қарым-қатынасы да маңызды. Бұған да бей-жай қарауға болмайды. Егер өніміңіз шын мәнінде нарық сұранысына сай болып жатса, инвестор табу аса қиын мәселе емес. Айтарым — жобаның іске асырғанда инвестиция тартуды бірінші орынға қоймай, өнімінің бағасын және құндылығын арттыруды ойлаған абзалырақ.
– Стартаптарға нарықтағы көшбасшы компаниялармен бәсекелесу оңай болмаса керек. Ол үшін не істеу керек? Жоба ерекше болуы керек пе, әлде мәселе командада ма?
– Барлығы бірінші кезекте командаға байланысты. Он жерден мықты өнім болса да, оны жүзеге асыратын команда нашар болса, жоба сол бастапқы деңгейде қалып қояды. Екіншіден, ұжым мәдениеті маңызды. Яғни командадағы қарым-қатынас, ахуал қандай? Олар қалай жұмыс істейді? Соған да көп нәрсе байланысты болады. Үшіншіден, әлбетте, өнімнің өзі нарыққа қажет болуы шарт. Ал ондай өнім жасау үшін нарықтан құлақдар болып отыру керек. Өз өніміңізге қатысты кері байланыс алып отырмаса болмайды. Метрикаларды бақылап, қай жерде негатив, қай жерде позитив көрсеткіш байқалатынына анализ жасайсыз. Жағымсыз көрсеткішті түзеу, жағымдысын арттыру секілді жұмыстар тұрақты жасалып отыруы қажет.
– Қазақстандық EdTech-тің әлсіз тұсы ретінде экспансия мәселесін айтады. Әйтсе де, Codiplay халықаралық нарықта жұмыс істеп жатыр. Қай елдер көбіне Қазақстанмен серіктесіп жұмыс істеуге дайын? Не себепті?
– Әу баста біздің мақсат қазақстандық қана емес, жалпы әлемдік деңгейді қамтитын өнім жасау болды. Өйткені біз шешумен айналысып жатқан мәселе Қазақстан я ТМД елдерінде ғана емес, барлық жерде бар. Ол мейлі Америкада болсын, мейлі Сингапур не Оңтүстік Корея болсын, қазіргі таңда балаларды мектеп жасынан IT-саласына баулуға тырысып, соған күш салып жатыр. Демек, біз сол дүниежүзілік мәселе шешіп жатырмыз деген сөз. Әйтсе де, аймақтық тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанда жасалған өнімнің Оңтүстік Корея нарығына кіруі өте қиын. Өйткені әр мемлекеттің өзіндік даму деңгейі болады. Мысал үшін Оңтүстік Корея нарығына біздің өнім енген кезде ол тараптан Қазақстанға қатысты стереотипті байқадық. Әйтсе де, өніміміз арқылы сол таптаурынды бұза алдық. Шет мемлекетке шығу мәселесіне келгенде Қазақстан үшін ең оңайы — ТМД елдерінің нарығына кіру. Алғашқы саты ретінде қарастыруға болады.
– Отандық компаниялар ауқымды бәсекеге қаншалықты қабілетті?
– Өте қабілетті деп айтар едім. Қазіргі көп стартап шетелдік нарықтарға шығып жатыр. Ең көркені мысал ретінде 1Fit, Jet, Clockster сынды жобаларды айтса болады. Бұдан бөлек те өнім жетіп артылады. Сондықтан «қазақстандық өнім болғандықтан, шетелге шыға алмаймыз» деу — компанияның негізін қалаушының басындағы шектеу ғана.
– Халықтың онлайн білім алуға деген сенімі нығайып келе жатыр деуге келе ме?
– Жалпы алғанда халықтың онлайн білім алуға деген қызығушылығы пандемия кезінен басталды. Әр қиындықтың соңында даму тұрады. Сол секілді пандемияның арқасында онлайн білім беру жүйесі қарқынды дами түсті. Жұртшылықта онлайн білімге құлшыныс ашылды. Оның тиімді жол екенін түсінді. Одан қала берді, онлайн білім қазір көңіл қалауынан бұрын, еріксіз таңдауға айналды. Күллі әлем бойынша онлайн оқуға мүмкіндік ашылды. Оқып, үйрену үшін бар болғаны интернет болса, жеткілікті. Осы ретте мына мәселені де айта кету керек. Таяу келешекте біздегі балалар саны мектептердегі орын санынан әлдеқайда көбейеді. Қазақстанда baby boom өте қарқынды жүріп жатыр. Ал сол қарқынға сай мектеп салынып үлгермей жатқанын қазір де көріп отырмыз. Сондықтан болашақта онлайн білім беру мәселесі осы орын тапшылығының бірден-бір шешімі болуы ғажап емес.
– Сала сарапшыларының пікірінше, елдегі әлеуметтік жағдай нарық дамуына кедергі келтіріп жатыр екен. Соның ішінде, білімге қаражат бөлуге кредитке батқан жұртшылық дайын емес немесе азғантай сома ғана бөле алады деседі. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?
– Меніңше, интернет дамығалы білім алу айтарлықтай қымбат не қиын дүние болмай қалған секілді. Тіпті қазір маман болу үшін университет бітіру де міндетті емес. Өзіңіз қалаған мамандыққа қатысты курс оқып алуға болады. Одан қала берді, интернет желісінде тегін жатқан ақпарат көп. Қазір бізде ақпарат шектен тыс көп деп ойлаймын. Сол бар мәліметті дұрыс қорытып, дұрыс қабылдау, сорттау әлдеқайда маңыздырақ.
– 2024 жылға қандай болжам жасап отырсыздар? Салада әлдебір өзгерістер болатын сияқты ма? Қандай?
– Стартаптарға қатысты жалпы тенденцияны айтар болсақ, саны көбейіп, олардың көрсететін нәтижелері де артып келеді. Мемлекет тарапынан да біршама қолдау бар. Стартаптардың өзі де белсенді жұмыс істеп жатыр. Жақын арада Қазақстаннан бір unicorn шығып қалатын да сияқты.
– Codiplay-ден алдағы уақытта не күтеміз? Қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоспар өте көп. Басты бағыт ретінде Оңтүстік Кореядағы ауқымды барынша кеңейтуді ойлап отырмыз. Сонымен бірге Оңтүстік-шығыс Азия елдері, мүмкіндік болса, Еуропа мен Латын Америка елдерінің нарығына кіру үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз.