Жаңалықтар

232,6 млрд теңге өтелді: Антикор басшысы Тоқаевқа есеп берді

Фото: Ақорда

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Президентке есеп берді. Ол Президентке елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлады Ақорда.

Асхат Жұмағалидың баяндауынша, жерді бөлу және Алматының  қала құрылысын дамыту ісін жоспарлау барысында жиі қайталанатын заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Оның дерегінше, білім беру саласындағы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу тетіктері жетілдірілмеген, қызметкерлерді бір орталықтан есепке алу жоқ және қаржы жымқыруға әкеп соқтырған бухгалтерлік жүйелердің қазынашылықтағы деректер базасымен біріктірілуіне байланысты тәуекелдер анықталған.

«Президент бұл саладағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу маңызды екенін және процестерді цифрландыру қажеттігін ерекше атап өтті», делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының баяндауынша, биылғы 6 айда 130 нысанға талдау және мониторинг жүргізіліп, жемқорлықты жоюға қатысты 1000-нан астам ұсыныс енгізілгені туралы мәлімет берілді.

Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою үшін «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру ісі жалғасады. Бұл бастама қолға алынған сәттен бері 21 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетілді, 400-ден астам түйткілді кейс шешімін тапты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар заң бұзушылықтың, соның ішінде олигополия өкілдері жасаған заңсыз әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ келтірілген шығындарды өтеу және активтерді қайтару шаралары туралы баяндалды.

«Жыл басынан бері елімізде 1000-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелді, 700-ден астам адам әшкереленді, оның 98-і түрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа дейінгі аяқталған тергеу амалдарының нәтижесі бойынша 232,6 миллиард теңге өтелді. Жалпы, 1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 860 миллиард теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды», делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыруды, әсіресе әлеуметтік маңызы бар салаларға баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ алдын алу шараларының аса маңызды екенін айтты.