Alibaba.com онлайн сауда платформасы қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері үшін де өз өнімін экспорттауда тамаша мүмкіндік туғызып тұр. Биыл 70 отандық компанияны осы платформаға шығару жоспарланып отыр. Соның бірінші кезеңі аясында 44 компания іріктеліп алынған (2023 жылдың қаңтар-сәуірі аралығында) және олардың барлығы дерлік бір жылдық «Алтын жеткізуші» мәртебесіне ие болған.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, премиум мәртебесі отандық компанияларға жаһандық аудиторияға қолжетімділікті ашады, олардың халықаралық сауда алаңында танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта сауда алаңында 7500-ден астам отандық тауар сатылып жатыр.
Орталықтың Kursiv тілшісіне берген мәліметіне мән берсек, отандық тауарлар ішінен әсіресе, ұн, бал, ет, өсімдік майы, жарма, астық өнімдері, кебек және жем ерекше сұранысқа ие екен. Ал қатысушылардың 90 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері. Бұл ретте отандық өндірушілер негізінен Қытай, Ресей, Өзбекстан, БАӘ, Түркия елдерінің компанияларымен келісімшарт жасасқан. Соңғы уақытта Иран, Моңғолия, АҚШ және Еуропа елдерінен де қызығушылық артып келе жатқан көрінеді.
Айта кету керек, Alibaba.com – B2B («business to business») платформа, яғни, сатып алушы мен жеткізушіні байланыстыруға арналған алаң. Алайда тауар жеткізумен тікелей айналыспайды. Тауар партиясын алу үшін әлеуетті сатып алушы сатушыға сұраныс жібереді және тауарды жеткізу бойынша барлық мәліметтер мен шарттарды анықтайды.
«Alibaba.com алаңы арқылы экспортты жүзеге асыратын компания дәстүрлі экспорттық жеткізу кезіндегі қиындықтарға тап болады. Alibaba – әлемдегі миллиондаған адам кіріп, экспорттаушы өзінің өнімін әлеуетті сатып алушыға көрсететін халықаралық онлайн B2B көрме. Өндірушілеріміз біз үйреткен маркетингтік құралдарды пайдалана отырып әлеуетті сатып алушылардың қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар кері байланыс та ерекше маңызды. Статистикаға қарасақ, келіп түскен сұраныстарға жедел жауап беріп отырған компаниялар басқаларға қарағанда сәтті табысқа ие», деп түсіндіреді «QazTrade».
Орталық мамандарының айтуынша, іріктеуден өткен компанияларға ұдайы консультация беріліп отырады. Сонымен қатар тұрақты негізде вебинарлар жүргізіліп, онда тауарды жылжыту мен сату ерекшеліктері түсіндіріледі. Атап айтқанда, іріктеуге белгілі бір біліктілік талаптарына сай келетін ұйымдар қатыса алады
«Маңызды критерийдің бірі – компанияда тауардың шығу тегіне қатысты сертификаттың болуы, яғни, платформаға орналастырылатын барлық өнім Қазақстанда өндірілген болуы тиіс. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелген күннен бастап іріктеуге қатысуға өтінім бергенге дейін кемінде 6 ай өтуі тиіс. Тағы бір талап – платформаға шығудан үмітті компанияда салық берешегі болмауы және экспорттық қызметті атқару үшін жеткліікті барлық ресурстарға ие болуы керек. Ағылшын тілін меңгерген қызметкердің жеке штатын бекіту де – маңызды талап. Сонымен бірге, цифрланған контенті бар ресми сайты жұмыс істеп тұруы тиіс, яғни, ол жерде кәсіби түсірілген суреттер, тауардың видео сипаттамасы, компанияның видео презентациясы, өнімдер каталогы ағылшын тілінде ұсынылуы шарт», дейді «QazTrade» орталығы бізге берген жауабында.
Жоғарыда іріктеуден өткен 44 компанияның да «Алтын жеткізуші» (Gold Supplier) мәртебесін иеленгенін айтқан едік. Бұл дегеніңіз – платформада компания үшін мини-сайт рәсімделеді және Alibaba.com ресми сервис-серіктестен қайтарымсыз негізде қолдау көрсетіледі деген сөз.
Gold Supplier – тауар жеткізушідегі премиум-мәртебе. Ондай мәртебесі бар жеткізушіге өз тауарын жылжыту және аудиторияны мейлінше мол қамту бойынша кешенді әдіс-тәсілдер қолжетімді.
Gold Supplier – Alibaba.com каталогындағы компаниялардың ақылы мүше болуы. Осы мәртебеге ие барлық жеткізушілер жеткізушінің заңды мәртебесін және компания кеңсесінің (зауытының, қоймасының) физикалық болуын растайтын тексеруден өтуі керек.
Gold Supplier-ды пайдаланатын компаниялар мини-сайттан бөлек мына мүмкіндіктерге ие:
- Кез келген мөлшердегі тауар мен қызметті орналастыру;
- Іздеу жүйесіндегі артықшылық:
- Rate for quotation (RFQ) ашық сұраныстардың тендерлік деректер базасына қол жеткізу;
- Сатып алушылардың сенімі
Сәтті растаудан кейін жеткізушілер компания атауының жанында «Алтын жеткізуші» белгісін көрсетуге құқылы. Бұл белгі жеткізушінің қызметі заңды және тіркелгенін растайды. Сонымен қатар төсбелгіде жеткізушінің (сатушының) осы мәртебеге ие болған жылдар саны көрсетіледі.
«2020-2022 жылдар аралығында платформаға 220 қазақстандық компания шығарылды. 2020-2023 жылдар аралығында қатысушылардың жиынтық табыс көлемі 300 млн долларға жуықтады. Қазір елімізде маркетплейстерді белсенді дамыту жүріп жатыр. Елдегі электронды сатып алулардың 89 пайызы соларға тиесілі», деп хабарлайды «QazTrade».