Дамушы нарық валютасы әртүрлі бағыттағы динамика көрсетті

Жарияланды

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 21 шілдеде теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,4%-ға (446,48 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары 444,81 теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 14-21 шілде аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Мысалы, АҚШ Еңбек министрлігінің дерегі бойынша, шілдеде жұмыссыздыққа қатысты жәрдемақы алуға берілген өтініш саны 228 мыңға дейін азайып, экономистердің болжамынан едәуір төмен болып шықты. Бұл – реттеушінің еңбек нарығын тыныштандыру үшін жоғары мөлшерлемелерді ұзақ уақыт ұстап тұруға тиіс екендігін көрсетеді. АҚШ-та жылжымайтын мүлік бағасы өте жоғары рекордтық деңгейде тұр. Ал АҚШ-тағы жылжымайтын мүліктің қайталама нарығындағы сатылымдар шектеулі ұсыныс аясында бес айлық ең төменгі деңгейге дейін төмендеді. Нарық АҚШ ФРЖ-ның ашық нарықтар жөніндегі комитетінің таяу арадағы отырысында мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтеретінін күтеді.

Жоғарыда аталған факторлар дамушы нарықтарда АҚШ долларына қатысты валюталардың аралас динамикасын көрсетті және ол төмендегідей қалыптасты:

  • Оңтүстік Африка ранды 14 ай ішінде алғаш рет нысаналы диапазонға кірген инфляцияның 5,4%-ға дейін төмендеуі аясында 0,8%-ға (18,11-ден 17,96-ға дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы қор нарығына капиталдың тұрақты әкелінуі аясында 0,3%-ға (82,17-ден 81,96-ға дейін) нығайды;
  • Бразилия реалы салық реформасы туралы заң жобасының талқылануы аясында 0,2%-ға (4,79-дан 4,78-ге дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы орталық банктің мөлшерлемені арттыру сериясын тоқтата тұратыны туралы болжам аясында 0,5%-ға (14959-дан 15027-ге дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі одан әрі капиталдың әкетілуі және экспорттық түсімнің төмендеуі аясында 1%-ға (90,06-дан 90,92-ге дейін) әлсіреді;
  • Мексика песосы АҚШ доллары индексінің нығаюы аясында 1,4%-ға (16,75-тен 16,99-ға дейін) әлсіреді;
  • түрік лирасы Түркия Орталық банкінің мөлшерлемені болжамды деңгейден төмен көтеруі аясында 3,1%-ға (26,17-ден 26,98-ге дейін) әлсіреді.
Сондай-ақ оқыңыз