Жаңа әдістемеге сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. Бұл туралы Еңбек министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Президент динамикалық тәсілге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырған.
Қазақстанда ЕТЖ ең төменгі әлеуметтік стандарттарға жатады және жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Ең төменгі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және басқа ынталандырушы төлемдерді қамтымайды.
2008 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде ЕТЖ мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелді. 2019 жылы ЕТЖ мөлшерін 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін арттыру жүргізілді. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Халықаралық тәжірибені, сондай-ақ ел экономикасы құрылымының ерекшеліктерін ескере отырып, Еңбекмині Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, медианалық жалақы мен еңбек өнімділігінің арақатынасын ескеретін ЕТЖ анықтау әдістемесінің (бұдан әрі – Әдістеме) жобасы әзірленді. Бұл жұмыскерлердің табыстары мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі арасында нақты өзара байланыс орнатуға, сондай-ақ ЕТЖ мөлшерін ХЕҰ ұсынымына жақындатуға мүмкіндік береді.
ЕТЖ мөлшерін анықтау үшін медианалық жалақы мен еңбек өнімділігін пайдалану жеткіліктілік пен төлем қабілеттілігі негізінде теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жеткіліктілік – бұл қызметкерлерді олардың еңбегі үшін әділ және барабар табыспен қамтамасыз ету. Төлем қабілеттілігі – бұл жұмыс берушілердің өз еңбек шығындарын кәсіпорынның қызметкерлерін жалдауы мен бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етпейтін деңгейде ұстап тұру мүмкіндігі.
ЕТЖ деңгейі ұсынылған тәсілге сәйкес айқындалатын болады және құрамына ҚР Үкіметінің, республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) және сараптамалық қоғамдастықтың өкілетті өкілдері кіретін әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның қарауына енгізіледі.
Қазіргі уақытта ҚР Президентінің Әкімшілігіне Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер келісу үшін жіберілді, мақұлданғаннан кейін заңнамаға тиісті өзгерістерді іске асыру басталады.