Жаңалықтар

Мәдениет министрлігі лицензиясын жою үшін үш букмекерлік кеңсені сотқа берді

Фото: shutterstock

Жыл басынан бері заңнаманы бұзған 5 букмекерлік кеңсенің қызметі тоқтатылды, тағы 3 букмекерлік кеңсенің лицензиясын сот тәртібімен жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдан бері Қазақстандағы букмекерлік кеңселер саны 2 еседен астам, 38 ден 16 – ға дейін қысқарған. Ал, іс жүзінде жұмыс істейтіндері – 12.

«Букмекерлік кеңселердің санын азайту үшін Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмысын жүргізуде. Мысалы, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған», делінген ақпаратта.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың дерегінше, ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заң талаптарына түзетулер енгізіліп жатыр.

«Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзетуді, сондай-ақ ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. Сондай – ақ, біз ойын бизнесінің жарнамасымен күресу үшін заңнамалық деңгейде түзетулерге бастамашы боламыз»,- деді Ержан Еркінбаев.

Бұған дейін, елімізде букмекерлік кеңселерді жарнамалауға шектеулер енгізілетіні жайлы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ойын бизнесі мәселлері бойынша өткен кеңесте айтқан болатын. 13 шілде күні осы ақпаратпен бірге Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі 4 букмекерлік кеңсе лицензиясының күшін жою бойынша жұмыс жүріп жатқанын, жыл басынан 5 лицензия қайтарып алынғанын хабарлаған болатын.