Жаңалықтар

Ресейдің «Юнистрим» төлем жүйесіне санкция салынды. «Қазпошта» онымен ақша аударуды тоқтатты, «Нұрбанк» жалғастыруда

Фото: shutterstock, kazpost.kz и freepik

2023 жылдың 21 шілдесінен бастап, «Қазпошта» АҚ «Юнистрим» компаниясының санкциялық тізімге ілінуіне байланысты, «Юнистрим» ақша аударымдарын қабылдауды/беруді тоқтатты. Бұл ақпаратты «Қазпоштаның» баспасөз қызметі растады.

Ал, «Нұрбанк» ресейлік «Юнистрим» төлем жүйесі арқылы ақша аудару мен қабылдауды жалғастыруда. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне банктің колл-орталығынан хабарлады.

24 шілде күні ресейлік РБК онлайн басылымы Қазақстан поштасы ресейлік «Юнистрим» төлем жүйесіне ақша аударымдарын қабылдау мен жіберуді тоқтатқанын жазды. Басылымның жазуынша оған себеп, «Юнистрим» банк операторына 20 шілдеден бастап АҚШ санкция салған.

Бұл туралы РБК «Қазпоштаның» колл-орталығына сілтеме жасап хабарлады.

«Қазпоштаның» баспасөз қызметі «Курсив» тілшісіне ақпаратты растады.

Айта кету керек, «Юнистрим» «Қазпошта» бөлімшелерін қолма-қол ақша беру бойынша серіктес пункттердің тізімінен алып тастаған, тізімде тек «Нұрбанк» бөлімшелері қалған.

АҚШ 20 шілде күні Ресейдің бес несие ұйымына қатысты санкция салған еді. Ол тізімде «Юнистрим» компаниясымен қатар, «Тинькофф», Локо-банк, Петербургский социальный коммерческий банк, «Солидарность» бар.

Өз кезегінде Өзбекстан Орталық банкі елдегі ең ірі «Халк банк» пен «Ипотека банк» халықаралық «Юнистрим» төлем жүйесімен жұмыс істеуді тоқтатқанын хабарлады.

«Өзбекстанның ең ірі «Халк банк» пен «Ипотека банк» техникалық себептерге байланысты халықаралық «Юнистрим» төлем жүйесімен жұмыс істеуді тоқтатты. Республиканың өзге де банктері таяу уақытта осы мәселеге байланысты шешім қабылдайды деп күтілуде», деді Орталық банк өкілі.

Бұған дейін, Армения мен Қырғызстанның бірқатар банктері де батыс санкциия салған «Юнистрим» төлем жүйесімен жұмыс істеуді тоқтатқан болатын.

Тәжікстанның мемлекеттік банкі «Юнистрим» төлем жүйесімен ақша аудару жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал, елдегі Ориенбанк пен «Хумо» банк аталған төлем жүйесімен жұмыс істеуді тоқтатқанын хабарлады. Ал, «Амонатбанк» кіріс операцияларына қатысты қиындық жоқ екенін, ал шектеу енгізілген елдерге ақша аударудан қиындық болуы мүмкін екенін хабарлады.

Сонымен қатар, 21 шілде күні Грузияның банктері де ресейлік «Юнистрим» төлем жүйесімен ақша аударымдарын тоқтатқан.