2022 жылы ауылға тартылған инвестициялар көлемі 3,1 трлн теңгені құрады – ҰЭМ

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2022 жылы ауылға тартылған жеке инвестициялар көлемі 3,1 трлн теңгені құрады. Бұл жайлы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Ауылдарды дамытуға бөлініп жатқан мемлекеттік бюджет көлемінің ұлғаюы жеке инвестициялар үлесінің де артуына әсер етуде. Егер 2019 жылы жеке инвестициялардың көлемі – 2,5 трлн теңге болса, 2022 жылы – 3,1 трлн теңгені құрады», деді министр.

Қазіргі таңда, республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда 7,5 млн ауыл тұрғындары немесе еліміздің 38% халқы тұрады. Оның ішінде даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынған. Бұл ауылдарда ауыл тұрғындарының 93% тұрады. Міне осы ауылдарды дамыту «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдары 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылған. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 объектіні, 1200 әлеуметтік нысандар мен 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылым объектілерін салуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы жалпы 218,2 млрд теңге 771 ауылдық елді мекенде 1800 жобаны іске асыру үшін бөлінді. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 244 жоба, 383 әлеуметтік нысандар, және ауылішілік жолдарды жақсарту бойынша 1200 жоба іске асырылып жатыр деді», Қуантыров.

Сонымен бірге министр «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастаған жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге ұлғайғанын атап өтті. Егер 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінсе, ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 198 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз