Жетісу облысы Кербұлақ ауданы, Малайсары ауылындағы жолдарды жөндеу кезінде лауазымын асыра пайдаланған жол құрылысы саласының бұрынғы басшысы ұсталды. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Жетісу облысының арнайы прокурорлары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен «Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ басшысының бұрынғы орынбасары ұсталған. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
«Ол Кербұлақ ауданы Малайсары ауылының кіреберіс автожолында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өзінің қызметтік жағдайын теріс пайдаланды деп күдіктелуде. Мемлекетке 37 млн. теңгеден астам сомаға елеулі материалдық залал келтірілді» делінген хабарламада.
Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағымен (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды. Ақпаратқа сәйкес, тергеу жалғасуда.