Бас прокуратура Алматыда Мұхтар Әблязовтың сыбайласы ұсталғанын хабарлады

Жарияланды
Фото: instagram: mukhtarablyazov

Мұхтар Әблязовтың сыбайласы әрі ағасы Қуаныш Нұрғазин Қазақстанға оралды және Алматы әуежайында ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, Қуаныш Нұрғазин Әблязов басқаратын «BSC» ЖШС-ның номиналды директоры.

«Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұза отырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған. 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған» делінген хабарламада.

Ол өз еркімен Қазақстанға оралуға ниет білдіріпті. Ал, 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Сотталушының өтініші бойынша Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 2023 жылғы 25 шілдеде сот оған бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу деп өзгертті. Жақын арада басты сот талқылауы қайта басталады», делінген ақпаратта.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша Нұрғазиннің жауапкершілік ауқымын көлемін сот айқындайтын болады.

Мамыр айының соңында Францияның кассациялық соты қазақстандық экс-банкир Мұхтар Әбілязовке қатысты апелляциялық сот шешімін жарамсыз деп танығанын хабарлаған болатынбыз.

«Сот Париж апелляциялық сотының тергеу мерзімінің ескіртуіне байланысты айыптауды тоқтатқан 2022 жылғы желтоқсандағы шешімін бұзады. Сонымен қатар іс қайта қарауды талап етеді», деп mediapart.fr басылымы кассациялық сот хабарламасын келтіреді.

Еске саламыз, Мұхтар Әблязов 2009 жылы БТА банкі ыдырағаннан кейін Қазақстаннан қашып кеткен, содан кейін ел билігі оны банктен 7,5 миллиард доллар жымқырды деп айыптаған болатын. Ол қазір Францияда.

2021 жылдың желтоқсанында Франция соты Әблязовті Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Алайда бір жылдан кейін, 2022 жылдың желтоқсанында Францияның босқындар ісі жөніндегі ұлттық соты Әблязовке Франциядан саяси баспана беруден бас тартқаны хабарланды.

2018 жылы Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхтар Әблязовты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын. Экс-банкирге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі, және 96-бабы, 2-бөлігінің«ж, з» тармақтары бойынша (адам жалдап, кісі өлімін ұйымдастыру) айып тағылып отыр.

2012 жылдың қарашасында The Financial Times мен BBC «Лондонның Жоғарғы соты Әблязовтен қазақстандық БТА банкінің пайдасына 2 миллиард доллар өндіру туралы шешім шығарды» деп хабарлаған. Әблязов Англия Жоғарғы сотының екі негізгі шешіміне шағымданғанымен, сотта жеңіліп қалды. Бірінші шешім бойынша Әблязов сотты құрметтемегені үшін 22 айға бас бостандығынан айырылды. Екінші шешім оны тиісті органдарға тапсыру және мүлкі туралы ақпаратты толық ашуды немесе қорғау құқығынан айыруды талап етті. 

Сондай-ақ оқыңыз