Жаңалықтар

Күзгі жиын-терін кезінде шаруалар дизель отынын 14,8%-ға арзанға сатып алады

Фото: .kursiv.media

Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дизель отынын ағымдағы бөлшек сауда бағасынан 14,8%-ға арзан сатып алатын болады, деп хабарлайды Энергетика министрлігің баспасөз қызметі.

«ҚР Энергетика министрлігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде 2023 жылғы күзгі жиын-терін жұмыстарын (КЖТЖ) жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (АШТӨ) 426 мың тонна дизель отынын бөлді», делінген баспасөз хабарламасында.

ҚР Энергетика министрлігі ұсынған баға тоннасына 284 мың теңгені құрайды. Мұнай өңдеу зауытының қақпасындағы баға 1 литр үшін 239 теңге болады. АШТӨ-ге дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлардың жеткізу шығыстарына байланысты фермер үшін орташа баға 1 литрге шамамен 257 теңгені құрайтын болады.

«Ал қазіргі уақытта жанар-жағармай құю станцияларындағы дизель отынының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 295 теңгені құрайды. АШТӨ үшін бөлшек сауда құны мен КЖТЖ-ға арналған дизель отынының бағасы арасындағы айырмашылық – 14,8 % құрайды. Күзгі кезеңде АШТӨ үшін дизель отынының бағасында көрсетілген жеңілдік көктемгі кезеңмен салыстырғанда жоғары екенін атап өтеміз. 2023 жылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде дизель отынына жеңілдік 13,9 % құрады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қазақстанда күзгі жиын-терін жұмыстары шілде айынан қараша айын қоса алғанда жүргізіледі. Шілде айына МӨЗ-ден АШТӨ-ге дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлар 2023 жылғы КЖТЖ-ға бөлінген көлемнің тек 4,5 мың тоннасын немесе 1%-ын яғни 426 мың тоннасын тиеп-жөнелткен.

Бүгінгі таңда жеңілдігі бар дизель отыны біртіндіп өңірлерге жеткізіле бастаған. Атап айтқанда, дизель Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстарына жеткізілген. Жоспар бойынша шілде айында ең көп дизель отыны Қостанай облысына – 30 мың тонна, Ақмола облысына – 22,6 мың тонна және Қарағандыға -15 мың тонна жөнелтіледі.