Энергетика министрлігі Қара теңіздегі жағдай қазақстандық мұнай экспортына ешбір қауіп-қатер төндірмейді деп есептейді. Бұл туралы ведомства басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
«Өздеріңіз де білесіздер қазақстандық мұнай Ресей аумағы арқылы да тасымалданады. Бұл КҚК (Каспий құбыр консорциумы) – қазіргі таңда ешбір қиындық жоқ», деді ол сейсенбі үкімет кулуарында.
Ол, дәл осы экспорт бағытының тұрақтылығы бойынша барлық мәселеге Қазақстан өкіметі айрықша назар аударатынын атап өтті.
«Ал, Атырау-Самара мұнайқұбырына келсек, онымен Еуропаға да өнім жеткізіліп жатыр, Қазақстан өз мұнайын Германиядағы МӨЗ-на өңдеуге жөнелтті. Қазіргі кезде қазақстандық мұнай экспортына шектеу болатын нақты, ауқымды қауіп-қатерді көріп отырған жоқпыз», деді министр.
Бұл сұрақ неден туды? Осыған дейін, РФ баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, Украин Корғаныс министрлігінің Қара теңіздегі кемелердің қозғалысына қатысты мәлімдемесі азаматтық кемелер үшін де қауіпті, деген еді.
Журналистер Песковтан, Украина Қорғаныс министрінің мәлімдемесіне бола Ресей кемелері Қара теңіздегі бағытын өзгертеді ме деп сұраған болатын. Песков бұл сұраққа: «Әрине, жағдай жан-жақты сарапқа салынады және біздің жауапты мекемелер қауіп-қатерді барынша азайту үшін тиісті нұсқаулар әзірлейді», деп жауап берген болатын.
Украина Қорғаныс министрлігі 20 шілде күні Қара теңіздің солтүстік-шығыс бөлігі мен Керіш бұғазындағы кеме қозғалысы, барлық кеме түрі үшін аса қауіпті деп саналуы тиіс деп мәлімдеген болатын.