Фото: kursiv.media
2023 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 762 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Мминистрліктің хабарлауынша, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат алған басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 537 рұқсат берілген. Ал құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 751 рұқсат берілсе, ШЖК негізгі бөлігі үшінші және төртінші санаттағы рұқсат қағаздары, сәйкесінше 6 598 және 833 адамға берілген. Сонымен бірге маусымдық жұмыстарға 1 940 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 103 адам тартылған.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда 433,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы. Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 204 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 895 адам (13%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 346 адам (9%), өңдеу өнеркәсібі – 1 128 адам (7%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 850 адам (6% ) жұмыс істейді», делінген хабарламада.
Бұл жұмыстарға Қытайдан – 3 729 адам, Өзбекстаннан – 1 967 адам, Үндістаннан – 1 461 адам, Түркиядан – 1 454 адам келген.
«Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді», деп хабарлайды министрлік.