Фото: kursiv.media
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ өзінің инвестициялық саясатын қайта қарау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды қорлың баспасөз қызметі.
«Бұл шешімді қабылдаудағы мақсат – валюталық тәуекелдерді және өтімділік тәуекелін тиімді басқару. Қазіргі уақытта ҚДКБҚ активтерді тек қана ұлттық валютадағы қаржы құралдарына инвестициялайды. Алайда ҚДКБҚ Директорлар кеңесінің жаңа шешіміне сәйкес шетел валютасындағы активтердің үлесін енді біртіндеп 15%-ға дейін ұлғайту көзделеді», делінген баспаөз хабарламасында.
ҚДКБҚ «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, ұлттық валютадағы ғана емес, шетел валютасындағы депозиттердің сақталуына да кепілдік беретінін мәлімдейді.
Осы активтерді басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында ҚДКБҚ Директорлар кеңесі кепілдік берілген өтемді төлеу үшін қалыптастырылған арнайы резервтің активтерін АҚШ қазынашылық акцияларын сатып алу жолымен әртараптандыру туралы шешім қабылдаған.
«Бұл бағалы қағаздар сенімділігі және өтімділігі ең жоғары инвестиция болып табылады. Өйткені рейтингі жоғары, ал кредиттік тәуекелі төмен. Ол бойынша төлемдерге АҚШ Үкіметі кепілдік береді. Осылайша ҚДКБҚ кепілді өтемді төлеу бойынша салымшылар алдындағы өзінің міндеттемелерін үздіксіз орындауды қамтамасыз етуге қатысты жұмыстарын жалғастыруда. Бұл түптеп келгенде банктердің клиенттері – жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға және банк секторының тұрақтылығын сақтауға бағытталған», деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
2023 жылдың 1 шілдесіне қарай, ҚДКБҚ арнайы резервіндегі қаражат 944 млрд теңгені құраған.