5,4 млрд теңгеге жалған шот-фактура: Ресей бидайы қазақстандық өнім ретінде экспортталған
Фото: kursiv.media
Павлодар облысында ресейлік бидайды жалған құжаттармен заңсыз әкетудің сұр схемасы анықталды, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
Ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісім-шарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын ҚМА Павлодар облысы бойынша Департаменті анықтаған.
«Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне, яғни Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстанға қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған. Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған», деп хабарлайды агенттік.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.
Агенттік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің мүддесін қорғау мақсатында бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сәуір айында Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Ресейден автомобиль көлігімен астықтың «сұр» импортымен айналысатын адамдар тобының қылмыстық әрекетін әшкерелеген болатын. Ол азаматтар 2021-2022 жылдар кезеңінде Өзбекстан Республикасына 500 млн теңгеден астам сомаға 4,8 мың тонна көлемінде ресейлік астықты экспорттаған.
Сұр импорттың жолын жабу мақсатында 11 сәуір күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстанға Ресейден алты ай бойы автокөлікпен бидай тасымалдауға тыйым салатын бұйрыққа қол қойды.
12 сәуір күні бір топ депутат ел фермерлерін заңсыз демпингтен қорғау үшін шұғыл шара қолдану керек деп мәлімдеді. Олар депутаттық сауалын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смаиловқа жолдады. Мәжілімендер астық пен сүт өнімдерін жеткізуші шетелдік компаниялар заңсыз импорт пен демпингке барып отыр деп тұжырымдап, «Астық туралы» заңды қайта қарап, трансферттік баға белгілеу қағидаларын бекітуді ұсынды.