Ресей Федерациясындағы 13 маңызды несие ұйымының 11-інде банкомат арқылы шетелдік валютаны енгізу опциясы жоғалды. Бұл туралы «Известия» басылымы жазды.
Ресейлік Сбербанктің колл-орталығы банкоматтарда шетелдік валютаны енгізу қызметі жоқ екенін хабарлаған, қаржы ұйымының баспасөз қызметі де бұл ақпаратты растады. Ал, ВТБ банктің клиенттері өткен жылғы 19 сәуірден бері банкомат арқылы өз есеп шоттарына батыс валюталарын салу мүмкіндігінен айырылған.
Сонымен қатар, басылым тілшілері «Открытие» банкінен және Райффайзенбанк пен Юникредитбанктен де осыған ұқсас жауаптар алған.
Газпромбанк мұндай қызметтің ұзақ уақыттан бері көрсетілмейтінін атап өтіпті. Ал, Совкомбанк бұл қызметтің көрсетілмейтініне бір жылдан аса уақыт өткенін атап өтеді, 2022 жылдың 10-наурызынан бастап, банкоматтар шетел валютасын қабылдауды тоқтатқан. Дегенмен, басылым сұрау салған несие ұйымдарының басым көпшілігі бұл қызметтің тоқтатылуына не себеп болғанын нақты айта алмапты.
Айта кету керек, Ресей банктерінің арасында тек «Альфа» мен «Тинькофф» банктерінің банкоматтары ғана доллар мен еуроны қабылдайды.
АҚШ 20 шілде күні Ресейдің бес несие ұйымына қатысты санкция салған еді. Ол тізімде «Юнистрим» компаниясымен қатар, «Тинькофф», Локо-банк, Петербургский социальный коммерческий банк, «Солидарность» бар.
2023 жылдың 21 шілдесінен бастап, «Қазпошта» АҚ «Юнистрим» компаниясының санкциялық тізімге ілінуіне байланысты, «Юнистрим» арқылы ақша аударымдарын қабылдауды/беруді тоқтатты. Бұл ақпаратты «Қазпоштаның» баспасөз қызметі растады. Ал, «Нұрбанк» ресейлік «Юнистрим» төлем жүйесі арқылы ақша аудару мен қабылдауды жалғастыруда. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне банктің колл-орталығынан хабарлады.