Соңғы 3 жылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 326 млрд теңге бөлінген

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Соңғы 3 жылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлінген. Бұл жайлы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын қаржыландыру жыл сайын ұлғайтылады. Соңғы 3 жылда осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлінген болатын. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 3,7 мыңнан астам жоба мыңнан астам ауылда іске асырылды. 33 мың жұмыс орны құрылды», деді премьер-министр.

Ал биыл республикалық бюджеттен бағдарламаға 198 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 800 елді-мекенде шамамен 2 мың жоба іске асырылу көзделіп отыр. Осы орайда премьер-министр бөлінген қаржының кей өңірлерде дұрыс игерілмей жатқанын айтты. Әсіресе, Алматы мен Ұлытау облыстарында игерілу қарқыны төмен.

«Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, тендерлерді уақытында өткізбеу, тиісті бақылаудың болмауы объектілерді енгізу мерзімдерінің бұзылуына әкеледі. Өткен жылы Ұлытау облысының Атасу, Бидайық, Бостұмсық және Сарысу ауылдарында медициналық мекемелердің құрылысына қажетті қаражат толығымен бөлінген болатын. Алайда, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған», деді Үкімет басшысы.

Аяқталмаған жұмыстар арасында Солтүстік Қазақстан облысының Мүсірепов ауданында ұзындығы 53,5 км болатын жол құрылысы бар. Бұл құрылыс былтыр аяқталуы керек болған, алайда бүгінде жолдың небары 26,5 км жолы ғана пайдалануға берілген.

Өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану өте маңызды екенін айтқан Әлихан Смайлов, Ұлттық экономика министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, барлық «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын сапалы және уақытында іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте, арнайы назарды шекаралас орналасқан ауылдардың дамуына аудару қажеттігін ескертті.

«Қаржы министрлігі  Ұлттық экономика министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, республикалық және жергілікті бюджеттерден «Ауыл – Ел бесігі» жобасын барынша қаржыландыру мәселесін пысықтасын. Облыс әкімдері  ауылдық аумақтарды дамыту үшін жеке инвестицияларды тарту жұмысын жеделдетсін. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, барлық қажетті шараларды қолдансын және Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз етсін», деп тапсырды Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ оқыңыз