«Taraz» және «Liwa» жаңа танкерлері жылына 800 мың тоннаға дейін мұнай тасымалдайтын болады

Жарияланды
shutterstock

2023 жылдың күзінен бастап Caspian Integrated Maritime Solutions (CIMS, ҚазМұнайГаз және Абу-Даби Порттарының (БАӘ) бірлескен кәсіпорны) сатып алған екі танкер Каспий теңізі арқылы жылына 800 мың тонна мұнай тасымалдайтын болады, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» компаниясы.

«Ынтымақтастық аясында Caspian Integrated Maritime Solutions әрқайсысының дедвейті 8 мың тонна болатын екі танкер сатып алды, бір танкердің құны шамамен 15 миллион АҚШ долларын құрады. Биылғы күзде бұл танкерлер Каспий теңізіндегі Ақтау портына келіп, жұмыс істей бастайды. Ақтау-Баку бағыты бойынша сатып алынған екі танкердің тасымалдау мүмкіндігі жылына шамамен 800 мың тоннаны құрайды», деп хабарлады Курсивке ҚМГ баспасөз қызметі.

Бұл ретте серіктестер танкерлер флотын одан әрі дамытуды көздейді, ал танкерлерді сатып алу туралы шешім теңіз тасымалынан күтілетін көлем негізінде қабылданады. ҚМГ Транскаспий бағыты бойынша теңіз тасымалының өсу перспективаларын ескере отырып, Қазақстанның танкерлер паркін жаңарту және дамыту қажет деп санайды.

ҚМГ мен әзірбайжандық SOCAR компаниясы арасында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес биылғы жылы Ақтау-Баку-Джейхан (Түркия) бағыты бойынша жылдық көлемі 1,5 млн тоннаға жететін қазақстандық мұнайды тасымалдау басталды. Мұнай трасса бойынша паритеттік негізде тасымалданады (50%/50%). Екі тарапты тасымалдаушылары ретінде – Қазақстан жағынан ҚМГ еншілес кәсіпорны – «Қазтеңізкөлікфлоты», ал Әзірбайжан тарапынан ASCO болып белгіленді.

«Қазіргі уақытта Әзірбайжан тарапымен бірлесе отырып, Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін ұлғайту бойынша қосымша жоспар әзірленуде», деді ҚМГ.

Ұлттық компания Ақтау-Баку-Жейхан бағытын экспорттың басым бағыты деп санайды. Өйткені еркін көлік мүмкіндіктері бар және Жейхандағы түрік портының терминалы арқылы Жерорта теңізіне шығу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге ҚМГ Әзірбайжан тарапының ұсынысы бойынша Баку-Супса мұнай құбырын және әлеуетті темір жол бағыттарын пайдалану мүмкіндігін зерделеп жатыр. Бұл ретте мұнайды тасымалдау бағыты, бағыттың экономикалық тиімділігі мен тасымалдау құнына байланысты анықталады.

Ақтау-Баку бағыты бойынша мұнай тасымалдау үшін пайдаланылған «Қазтеңізкөлікфлоты» танкерлері халықаралық мұнай компанияларының ХОК талаптарына сәйкес келеді. «Қазтеңізкөлікфлотының» барлық танкерлері қазірдің өзінде Транскаспий тасымалына тартылған. Сондықтан ҚМГ бұл бағытта сұраныс жоғары болған жағдайда, мұнай тасымалдау үшін бірлескен кәсіпорынға ұқсас танкерлерді жалға беру мүмкіндігін қарастыруы мүмкін.

Компанияның мәлімдеуінше Ақтаудан мұнайды жөнелтумен айналысатын кемелер Қазақстан мен Әзірбайжан туын тігеді. Ал жүк құны кеменің түрі мен көлеміне, порттар арасындағы қашықтыққа және келісім-шарттарға байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. ҚМГ Каспийде өзінің танкер паркін құру арқылы тасымалдау сапасы мен қауіпсіздігін бақылау деңгейін жақсартуды көздейді. Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» бірқатар компаниялардың Қазақстанда тиісті кеме жасау өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда флот құру үшін инфрақұрылым жоқ. Бұл ретте бірқатар кеме жасау компаниялары Қазақстанда теңіз кемелерінің құрылысын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруда. Мұндай жобаларды жүзеге асыру бойынша шешімдер экономикалық және практикалық негіздерге сүйене отырып қабылданатын болады», деп мәлімдеді ҚМГ.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» бен оның серіктестер қазақстандық мұнайды экспорттау үшін Каспий теңізінің түбімен мұнай құбырын тарту мүмкіндігін қарастырмайтынын мәлімдеді.

Сәуір айының басында Энергетика министрлігінің сол кездегі басшысы Болат Ақшолақов теңіздегі белсенділікті арттыра отырып, Каспийде әртүрлі жүктерді тасымалдауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан танкерлер мен басқа да кемелер шығару жобасына қайта оралуы керектігін мәлімдеген.

«Олар әлі сатып алған жоқ, біздің ойымызша, оларды (танкерлерді) сатып алып қана қоймай, Қазақстанда мұндай кемелерін шығаратын зауыттар орнату керек. Мысалы, бізге мұнай танкерлерін салу керек. Оларды қайда саламыз, қаншасы керек, ертең қайда жөндейміз. Біз қазір бұл мәселелердің барлығын бірлесіп шешіп жатырмыз», деген болатын ол Каспий теңізіндегі «ҚазМұнайГаз» мен Абу-Даби порттары тобы (ADP) арасындағы ынтымақтастық жобасына түсініктеме бере отырып.

Ақшолақов мұндай зауыттардың өнімдеріне қажеттілік бар екенін атап өтті. Олар танкерлерді ғана емес, басқа кемелерді де шығаратын болады.

Экс-министр осындай кемелердің қажеттілігінің мысалы ретінде әртүрлі үлгідегі 300 кеме жұмыс істейтін Қашаған кен орнын игеруші NCOC консорциумын атады. Сондықтан әртүрлі кемелерді шығаратын және жөндейтін зауыт қажет екенін айтқан.

Шамамен 12 жыл бұрын Қазақстанда оңтүстіккореялық Daewoo компаниясымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланған осындай жоба болған. Алайда кезекті дағдарыстан кейін жоба тоқтап қалды. Бірақ қазір Каспий арқылы жүк тасымалдау сұранысқа ие. Бұрын мұндай зауыт Ералиевте немесе Құрықта орналасқан.

Еске сала ктесек, 4 шілде күні ҚМГ Румынияның Галати қаласында қазақстандық теңіз флотына «Taraz» және «Liwa» мұнай танкерлерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өткенін хабарлаған болатын.

ҚМГ Мұнай тасымалдау және логистика департаментінің директоры Марат Орманов «Taraz» бен «Liwa» сатып алу арқылы Транскаспий бағытын дамытуға маңызды қадам жасалғанын айтты. Бұл танкерлерді сатып алу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылған.

Дедвейті 8 000 тоннаға жететін жаңа танкерлердің иесі – «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» бірлескен кәсіпорны. Оған «Қазтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен БАӘ-нің «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы иелік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз