Жаңалықтар

Жыл соңына дейін Brent маркалы мұнай бағасы баррелі 86 долларға жетуі мүмкін

Goldman Sachs сарапшылары 2023 жылдың екінші жартысында мұнай нарығында сұраныс рекордтық деңгейге жетеді деп есептейді. Бұл Brent маркалы мұнай бағасының барреліне 86 долларға дейін өсуіне әкеледі, деп хабарлайды CNBC агенттігі.

«Біз жылдың екінші жартысында аталған нарықта айтарлықтай тапшылық болады деп болжаймыз, бұл үшінші тоқсанда күніне шамамен 2 миллион баррельге жетеді, өйткені сұраныс әдеттен тыс жоғары болады», – деді Goldman Sachs зерттеу бөлімінің басшысы Даан Стрювен.

Банктің болжамы бойынша, Brent маркалы мұнай барреліне 80 доллардан сәл асатын болса, жыл соңына дейін баға барреліне 86 долларға дейін қымбаттайды.

Әзірге эталондық марканың бағасы барреліне 81,6 доллар шамасында, деп хабарлайды Мәскеу биржасы.

Лондондық ICE биржасының мәліметі бойынша, таңғы саудада Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 81,7 долларды құрады.

Струвеннің айтуынша, АҚШ-тың шикі мұнай өндірісі өткен жылы айтарлықтай өсіп, тәулігіне 12,7 миллион баррельге жетті. Осы жылдың соңына қарай өндіріс қарқыны баяулайды, деп қосты сарапшы.

Сонымен бірге АҚШ-тағы мұнай бұрғылау қондырғыларының саны жақында соңғы 16 айдағы ең төменгі деңгейге жетті.

Goldman Sachs өзінің соңғы есебінде олардың саны 2022 жылдың аяғындағы көрсеткіштен 15%-ға төмен, деп жазды.

Струвен G20 энергетика министрлерінің кездесуінен кейін олардың ешқандай келісімге келмеуі мұнайға қатысты ұзақ мерзімді белгісіздікке нұсқайды деп болжайды.

22-23 шілде Үндістанда өткен энергетика министрлерінің отырысында G20 құрамына кіретін бірнеше елі таза энергияға кезең-кезеңімен көшуді құптамады. Олар жасыл энергияны дамыту кедергі келтіріп жатқан қазба көмір, мұнай, газ саласында өндірісті тежеуге құлық танытпады. Осылайша G20 елдерінің энергетика министрлері дәстүрлі отыннан бас тарту мен таза энергияның болашағына қатысты ортақ шешімге келе алмады.

Халықаралық энергетикалық агенттік маусымда 2023 жылы мұнайға әлемдік сұраныс тәулігіне 2,4 миллион баррельге артады деп болжап отыр, бұл алдыңғы болжамнан асып түсті.