Астана халықаралық әуежайындағы автотұрақ құнына өзгеріс енеді. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.
«Тамыз айының басынан P1, P2, P3 аймағындағы автотұрақ бағасы 100 теңгеден 200 теңгеге көтеріледі. Ал P4, P5, P6 аймағындағы көлік тұрағының бағасы сағатына 50 теңгеден 100 теңгеге өзгереді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 15 минуттық тегін отырғыз-түсіру жолағына бір тәулік ішінде 3 рет кірген автокөлік те ақы төлейтін болады.
«Отырғызу-түсіру экспресс жолағын теріс пайдалану фактілерінің көбеюіне және жолаушылардан келген шағымның артуына байланысты 15 минуттық тегін отырғызу-түсіру жолағына тәулік ішінде үшінші рет немесе одан да көп кірген жағдайда жаңа тариф бойынша 300 теңге төлейді. Автотұрақ тарифінің өзгеріске ұшырауына коммуналдық тарифтердің өсуі себеп», делінген хабарламада.
Дегенмен, Астана әуежайының хабарлауынша, автотұрақ бағасы тасымалдаумен айналысатын өзге нысандардағы бағадан едәуір арзан. Алайда әуежайдағы жабық тұрақтың құны еш өзгеріссіз қалады.
«Астана халықаралық әуежайының әкімшілігі келушілерден көліктерін қараусыз қалдырмауын, тәртіпсіздік орнатпауын және өзге де келушілерге қолайсыздық туғызбауын сұрайды», делінген ақпаратта.