Жаңалықтар

2023 жылдың басынан бері елімізге заңсыз астық тасымалдау фактісі тіркелген жоқ – МКК

Фото: архив kursiv.media

Тауарларға ілеспе жүкөқжаттарын толтыру мәндеттелген уақыттан бері елімізге астықты заңсыз тасымалдау фактісі тіркелген жоқ. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев мәлімдеді.

«2023 жылдың 10 ақпанынан бастап, елімізде тауарларға ілеспе жүкқұжаттарын міндетті рәсімдеу тәртібі енгізілді, астық импортына қатысты да. Сол 10 ақпаннан бері елімізге заңсыз астық тасымалдау фактісі тіркелген жоқ. Ол Қазақстанға кіру барысында толығымен тексеріледі», деді Саудабаев.

Айтуынша, қазіргі уақытта астық бағасының ең төменгі деңгейін қолдану мәселесі талқыланып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында ресейлік бидайды жалған құжаттармен заңсыз әкетудің сұр схемасы анықталғанын хабарланған еді.

Ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісім-шарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын ҚМА Павлодар облысы бойынша Департаменті анықтаған.

«Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне, яғни Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстанға қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған. Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған», деп хабарлайды агенттік.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды.