36 млрд теңге: жарты жылда экономикалық қылмыс салдарынан келген залал көлемі осындай

Жарияланды

Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, елімізде экономикалық қызмет саласында 384 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл бір жыл бұрынғыдан 37,5% аз, деп хабарлайды Ranking.kz.

Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде осындай 614 құқық бұзушылық тіркеліп, көрсеткіш 25,9% азайған. Өңірлер бойынша экономикалық қызмет саласындағы ең көп құқық бұзушылық Алматы қаласында тіркелген. Биылғы жарты жылдықта 66 іс болса, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 161 іс тіркелген. Бір жылда бұл саладағы қылмыс 59%-ға төмендеген.

Одан кейінгі орында Шымкент қаласы тұр. Бұл қалада осы жылдың соңғы алты айында 32 іс тіркелсе, бір жыл бұрын 57 іс тіркелген. Ал Павлодар облысында бір жыл бұрын 33 іс тіркелсе, осы жылы 31 жағдай анықталған.

Ал ең аз құқық бұзушылық Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде небары 4 жағдай ғана болған екен. Сектордағы ең көп тараған құқық бұзушылық аталған қызметті көрсетпеу немесе тауарларды жөнелтпей шот-фактура беру жағдайларымен байланысты. Бір жыл бұрын елімізде осындай 237 іс, биыл 95 іс тіркелген.

Сонымен бірге ең көп тараған қылмыстық құқық бұзушылықтар қаржылық пирамида мен заңсыз бизнес немесе заңсыз банктік қызметпен байланысты. Былтыр осындай 64 іс, биыл – 39 іс тіркелген.

Қазақстанда соңғы алты айда экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардан келтірілген залалдың мөлшері 35,9 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 29,1% артық.

Соның ішінде мемлекетке келтірілген шығын ең көп, 21,7 млрд теңгені құрайды. Бір жылда көрсеткіш 11,4% артқан. Заңды тұлғаларға келтірілген залал бір жыл бұрын 343,6 млн теңге болса, биыл 10,5 млрд теңгені құрап отыр. Ал жеке тұлғаларға 3,7 млрд теңге залал келген. Былтыр бұл көрсеткіш 8 млрд теңге болған.

Ал зардап шеккен азаматтарға келер болсақ, өткен алты айда 1,1 мың адам экономикалық құқық бұзушылықтан зардап шеккен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,5 есе көп. Олардың көбі, яғни 96,7%-ы, шамамен 1 мың адам қаржы пирамидаларынан зардап шеккен.

Мұндай қылмыстан зардап шеккендердің ішінде 30–39 жас аралығындағы — 316 адам, 40–49 жас аралығындағы — 284 адам, 21–29 жас аралығындағы — 205 адам, 50–59 жас аралығындағы — 150 адам, 60 және одан жоғары жастағы — 72 адам, 18–20 жас аралығындағы — 36 адам, 16-17 жастағы 4 адам бар.

Сондай-ақ оқыңыз