Жаңалықтар

Kids go free бағдарламасымен ата-аналар ел ішіндегі саяхатта 26 млн теңге үнемдеген

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Kids go free бағдарламасы арқылы 600-ден астам бала тегін ұшақ билетімен қамтамасыз етілген. Нәтижесінже ел ішіндегі саяхатты таңдаған 300-ден астам қазақстандық отбасы 26 млн теңгеге дейін үнемдеген. Бұл жайлы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Kids go free – отбасылық туризмге арналған, Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген бағдарлама. Бағдарлама операторы – «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы. Қазақстандықтар туроператордан ел ішіндегі бағыттар бойынша туристік пакет сатып ала отырып, 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға тегін авиабилеттерге қол жеткізе алады.

«Бағдарлама бойынша саяхаттау оңай әрі қолжетімді. Ол үшін kids.gofree.kz сайтына кіру керек. Кеңес алыңыз және отбасыңызға сәйкес келетін тур пакетін таңдаңыз. Қажетті құжаттарды дайындап, тур пакетін сатып алу үшін келісім-шарт жасап, балаларыңыз үшін тегін әуе билетін алуыңызға болады», дейді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Маусым айында ең тиімді саяхат Астана – Шымкент – Астана бағыты бойынша тіркелген. Бірден 3 немесе одан да көп баласы бар 3 отбасы жоспарланған бюджеттің 40 пайызынан астамын үнемдеген. Kids go free аясында орта есеппен бір турда екі бала саяхаттай алады.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Kids go free бағдарламасымен биыл 2000-нан аса бала қамтылатынын мәлімдеген болатын.

Қазақстанда 2022 жылы Kids go Free бағдарламасы іске қосылып, оның аясында былтыр 76 млн теңгеге ұшақ билеттері субсидияланған. Нәтижесінде бағдарламаны 700-ге жуық отбасы пайдаланып, 1500 балаға Қазақстанның басқа өңірлерін тегін көруге мүмкіндік туды.