Жаңалықтар

Жылына 70% пайда уәде еткен компания өкілдері қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді

Фото: Shutterstock.com

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Sincere System Group» (S-Group) компаниясының өкілдеріне қатысты қаржы пирамидаcын құрып, оны басқарды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Агенттік қызметкерлері белсенді азаматтардың қатысуымен компанияның қызметін ерте кезеңде анықтап, жұмысын тоқтатқан. Нәтижесінде алданған инвесторлардың санын азайтуға мүмкіндік туған.

Қаржы пирамидасының схемасы мынадай: S-Group компаниясының өкілдері салымшыларға айына 6%-дан 8%-ға дейін немесе жылына 70%-дан астам жоғары кірістілікке уәде берген. Ол үшін салымшылар депозиттің ең төменгі сомасын енгізуі тиіс болған. Ол 100 долларды құрайды.

Сондай-ақ, басқа салымшыларды тартқан жағдайда соманың 5 пайызы көлемінде кепілдендірілген кіріс қарастырылған. Бұл ретте клиенттерге ақшаны қабылдау фактісін растайтын құжаттар мен келісімдер ұсынылмаған, салым сомасы жеке кабинетте цифрлық түрде көрсетіліп, салынған қаражатты алу мүмкіндігі болмаған.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «қамау түріндегі» бұлтартпау шарасы санкцияланды», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«S-Group» компаниясының қызметінен зардап шеккен азаматтар Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласа алады.

Қаржы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаменті жұртты 769 млн теңгеге алдаған «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

17 шілде күні Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарлама жасаған азаматтың заңсыз әрекеті әшкереленгенін хабарлады. Алаяқтарға халық 450 млн теңгеге алданған.

Ал 23 маусым күні халықты шығынға батырған Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шыққан болатын.