Үкімет көтерме және бөлшек саудадағы көлеңкелі айналымды 5%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстан Үкіметі Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Жоспар бойынша Үкімет көтерме және бөлшек саудадағы көлеңкелі айналымды 5%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр.

Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген. Құжатқа Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойды.

«2025 жылға қарай көтерме және бөлшек саудадағы көлеңкелі айналымды 5%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,7%-ды құрады. Көлік және қоймалау саласында 2,4% көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,2% құрады. Жоспарды іске асыру бейресми жұмыспен қамтуды азайтуды және заңсыз әрекеттердің жолын кесуді көздейді. Сонымен бірге ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 2022 жылғы 36%-дан 2025 жылы 37,5%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр», делінген баспасөз хабарламасында.

Құжат негізінде салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіріледі және бәсекелестік пен бюджетті тиімді бөлу шаралары қарастырылып, халықты заңсыз бизнестен қорғауға және т. б. бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыру көзделген. Бұл өз кезегінде кедендік тексерулердің тиімділігін арттыруға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қосымша шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жоспар ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде әзірленген.

Сондай-ақ оқыңыз