Үкіметтің баспасөз қызметі, Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүргізіліп жатқан экологиялық аудиттің барысы талқыланғанын хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, бұл жұмыс халықаралық консультанттардың қатысуымен жүргізіліп жатыр.
«Сәрсенбіде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірқатар министрліктер басшыларының, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі, ҰҚК өкілдерінің қатысуымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында кәсіпорынға экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудит жүргізу барысы туралы ақпарат берілді», делінген хабарламада
.Үкіметтің баспасөз қызметі жиында аудит барысына қатысты нақты қандай ақпарат берілгені туралы мәлімет жарияламады.
Еске салайық, 7 маусым күні Қарағанды облысы бойынша экология департаменті «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындары атмосфераға азот диоксидін шекті мөлшерден бірнеше есе көп шығарғанын хабарлаған болатын.
Экологтар Теміртау ауасын жақсарту мақсатында 2019 жылдың 31 қазанында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен нақты шығарындыларды 30%-ға азайту туралы меморандумға қол қойғанын еске салды.
«Бұл меморандум зиянды заттардың атмосфераға шығарылуын 65 000 тоннаға азайтуды көздейді. Меморандумда көрсетілген табиғатты қорғау шаралары 2020-2024 жылдарға арналған Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешудің жол картасында да көрініс тапты. Меморандум сондай-ақ 2021-2024 жылдар аралығында Теміртау қаласының айналасына 500 мың түп ағаш отырғызуды қамтиды», – деп көрсетілген хабарламада.
Ал, 2022 жылы қараша айының басында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында апат болып, 5 адам қайтыс болған еді.
Өткен жылы қараша айында Маңғыстауға сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп кеткенін атап өтті. Металлургиялық комбинатта 2006 жылдан бері 20-дан аса апат болған.
«Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс. Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. », деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев, Маңғыстау сапарында.
.