ЮНЕСКО мектепте ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салуды ұсынды
Балалардың мектепте оқу үлгерімін жақсарту, сабақтың бұзылуына жол бермеу және оқушыларды кибербуллингтен қорғауға көмектесу үшін ұялы телефонға тыйым салынуы керек, деп хабарлайды The Guardian басылымы ЮНЕСКО баяндамасына сілтеме жасап.
Есепке сәйкес, смартфондарды шамадан тыс пайдалану оқушының оқу үлгерімін төмендетеді, экран алдында көп отыру «өзін-өзі бақылау мен эмоционалды тұрақтылыққа теріс әсер етуі, сондай-ақ алаңдаушылық пен депрессияны күшейтуі мүмкін».
Баяндамада жалпы цифрлық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект білім берудегі «адамға бағытталған тәсілге» бағынуы керек және оқушылардың мұғалімдермен бетпе-бет байланысын алмастырмауы керек екендігі атап көрсетілген.
«Интернет адамның тірі қарым-қатынасын алмастыра алмайды», – деді ЮНЕСКО Бас директоры Одре Азуле.
ЮНЕСКО оқушылардың мектепте және үйде цифрлық технологияларды, атап айтқанда смартфондарды, планшеттерді және компьютерлерді шамадан тыс және пропорционалды емес пайдалануы оларды жұмыстан алшақтатып, білім сапасына «зиянды әсер етуі» мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен бірге, ұйым қазіргі заманғы технологиялар осы жағымсыз факторларға қарамастан миллиондаған адамдарға білім беруге мүмкіндік бергенін мойындады. Атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның хабарлауынша, пандемия кезінде онлайн білім беру мектептер мен университеттерге шектеу шараларында жұмысын жалғастыруға көмектесті.
ЮНЕСКО 200 елдегі білім беру жүйелеріне талдау жүргізді. Ұйымның бағалауынша, тек әрбір алтыншы елде мектепте телефонды пайдалануға тыйым салынады.