Қатты пайдалы қазбаларды игеруге арналған алғашқы электронды аукцион тамызда өткізіледі
Елімізде қатты пайдалы қазбаларды игеруге арналған алғашқы электронды аукцион тамызда өткізіледі. Бұл жайлы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
1-ші тамызда E-Qazyna.kz платформасында қатты пайдалы қазбаларды (ҚПҚ) барлауға құқық беретін еліміздегі алғашқы электронды аукцион ұйымдастырылады. Осыған дейін пайдалы қазбалар бойынша мұндай форматта аукцион өткізілмеген. Сондай-ақ бұл аукцион осы салаға жауапты орган ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алғашқы тәжірибесі болмақ.
«Еліміздің минералды-шикізат базасын толықтыруға арналған сауданы ұйымдастыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп, оны өткізудің ережелері жан-жақты қаралып, тетігі әзірленді. Барлық учаске туралы ақпарат Қазақстан картасында көрнекіленіп, сондай-ақ статистикалық мәлімет пен басқа да деректер блогы қарастырылған. Электронды аукцион жер қойнауын игеру бағытын дамытып, инвестициялық тартымдылықты арттыруда маңызды қадам болып саналады», делінген хабарламада.
Осы уақытқа дейін мемлекет ҚПҚ кен орындарын игеруге құқық беретін дәстүрлі аукциондарды өткізіп келген. Енді тамыздан бастап сауда форматы онлайн режімде қолға алынып, аукцион әлемнің кез келген жерінен қол жетімді болады.
«Аукционға қатысушылар бір-бірін көрмейді. Бұл өз кезегінде қандай да бір уағдаластықтың алдын алып, қатысушылар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Нәтижесінде, мемлекеттік қазынаны толықтыру үшін неғұрлым тиімді ұсыныстарға жол ашылады», деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Аталған аукцион 1-ші тамызда сағат 10:00-ден басталады. Егер, сауда лоттар жабылғанға дейін қарқын алса, онда 17:00-ге дейін жалғаспақ.