АЭС салу бойынша қоғамдық тыңдау 22 тамызда Алматы облысы, Үлкен ауылында өтеді

Жарияланды
Развивающиеся страны станут локомотивом развития атомных станций
Фото: архив kursiv.media

Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімдігі өңірде АЭС салу бойынша өтетін жария тыңдаудың мерзімін жария етті.

«2016 жылғы 12 қаңтардағы «Aтом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сəйкес «Алматы облысы, Жамбыл ауданында АЭС салу жоспары туралы» жария тыңдау өткізу жоспарланғанын хабарлаймыз.
Тыңдаудың мекен-жайы мен орны: Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы орта мектебінің мəжіліс залы. Тыңдауды өткізу күні мен уақыты: 2023 жыл 22 тамыз сағат 11:00-де», делінген хабарламада.

Еске сала кетеміз, Алматы облысы, Жамбыл аудандық әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қоры Атом электр станциясы құрылысына қатысты алғашқы қоғамдық тыңдауды 28 ақпанға жоспарлаған болатын. Алайда, ол жиын өтпей қалған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызы атап өтіп, 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.

2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария еткен болатын.

«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар.

Ал, 2023 жылдың 13 шілдесінде «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

«Қазақстанда атом электр стансасы бола ма, жоқ па, шешім шығаруға бірнеше факторлар әсер етеді. Осы мәселелерді шешіп алған соң ғана біз, қай өндіруші немесе сатушымен құрылыс бастайтынымызды айтатын боламыз. Ал қазірше бұл мәселеде сұрақтар көп. Біріншіден атом электр стансаларының орналасатын жерін анықтау керек. Құрылыс басталатын жерін анықтап барып, шешім қабылдауымыз керек. Өйткені құрылысқа қатысты су және экология сияқты бірқатар талаптар бар», дейді Жақыпов.



Сондай-ақ оқыңыз