АҚШ қазынашылық акцияларын сатып алуға 140 млрд теңге жұмсалады – ҚДКБҚ
Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев мәлімдеді. Оның айтуынша, инвестициялау мақсатында Қордағы арнайы резервтің қаражаты жұмсалады.
Оның мәліметінше, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі дерекке сәйкес, Қордың резерві 944 млрд теңгені, ал жарғылық капиталы 1,1 трлн теңгені құрайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры активтерінің валюталық үлесі біртіндеп 15%-ға жеткізілетіні туралы хабарланған болатын. Әділ Өтембаев бұл шешімнің себебін атап өтті. Айтуынша, депозиттер бойынша максималды кепілді өтем сомасы 5 млн теңгені құрайды. Бұл депозиттердің жалпы долларлану деңгейінен төмен.
«Дәл осы себепке байланысты біз өзіміздің инвестициялық тұжырымдамамызды қайта қарау туралы шешім қабылдадық. Осылайша валюталық үлесті 15%-ға дейін өсіру көзделеді. Бұл Қордың валюталық міндеттемелерін қажетті деңгейде өтейді. Инвестициялау Қорға тәуекелдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді» деді Әділ Өтембаев.
Оның дерегінше, сатып алу барысы 2023 жылдың соңына дейін жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта еліміздің банк жүйесі өзінің тұрақтылығын және орнықтылығын көрсетуде. Жұмыс істеп тұрған банктердің барлығы пруденциалдық нормативтерді орындайды. Осыған байланысты бүгінде Қорда ұлттық және шетел валютасында кепілді өтем төлеу үшін арнайы резервті пайдалану қажеттілігі жоқ»,деді ҚДКБҚ төрағасы.
Айта кету керек, депозиттердің көлемі биыл 1-тоқсанының соңына қарай 1,2 п.т. төмендеп, 32,7%-дық үлесті көрсетті.