ФРЖ базалық мөлшерлемені 22 жылдағы ең жоғары мәнге көтерді
АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі базалық мөлшерлемені 22 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерді. Көрсеткіш 2022 жылдан бері он бірінші рет өсті. Бұл туралы Euronews хабарлады.
АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі базалық мөлшерлемені қайтадан көтеру туралы шешім қабылдады. Енді ол 5,25-5,5% диапазонына төрттен бір пайыздық тармаққа артады.
Осы арқылы ФРЖ инфляцияны Орталық банк белгілеген 2% деңгейіне қайтаруға тырысуда.
«Бұл баға тұрақтылығын қалпына келтіру, жұмыспен қамтуға және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты бағаларға қол жеткізу үшін өте маңызды. Қорытындылай келе, біздің әрекеттеріміз бүкіл елдегі қауымдастықтарға, отбасыларға және бизнеске әсер ететінін түсінеміз», – деді ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл.
Оның айтуынша, бұл «мемлекеттік миссияны орындауға бағытталған» қадам.
«Біз, ФРЖ мүшелері, максималды жұмыспен қамту және баға тұрақтылығына қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деп уәде берді ФРЖ басшысы.
АҚШ экономикасы мөлшерлеменің он бірінші рет көтерілуіне қарамастан тұрақты болып отыр.
«Бұл соңғы 40 жылдағы ең агрессивті цикл», – деп баға беруде халықаралық сарапшылар.
Құрама шататтарда жұмыспен қамту деңгейінің өсуі баяулады, бірақ көрсеткіш бұрынғысынша жоғары болып қала береді. Ал жұмыссыздық деңгейі әлі де рекордтық төменгі деңгейге жақын, небәрі 3,6%.
АҚШ-та базалық мөлшерлеменің көтерілуі ақша-несие саясатын қатаңдатуды тоқтату үшін қысымға ұшыраған Еуропа орталық банкінің директорлар кеңесінің отырысы қарсаңында болды.
Еуроаймақ банктері бизнес несиелеріне сұраныс күрт төмендеп, рекордтық деңгейге жеткенін хабарлады. Ипотекалық несиеге сұраныс бойынша да жағдай осындай.
Дегенмен, Еуропалық орталық банк инфляцияны соңғы рекордтық деңгейлерден 2% мақсатқа дейін қайтаруға бел байлауда.
Еуропалық орталық банк басшысы Кристин Лагард маусым айында Еуропалық Орталық банктің шілдеде мөлшерлемені қайтадан көтеруі мүмкін екенін айтты.