Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері 94 млрд теңгенің активтерін қайтарды

Жарияланды
Фото: Ақорда

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Президентке баяндады.

Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында Агенттік басшысы агенттіктің жыл басынан бері атқарған шаралары туралы есеп берген.

Атап айтқанда: Қазақстан ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу топтары) стандарттарына сай өзара бағалаудан сәтті өтті.

Қазақстан қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың мейлінше тиімді жүйесін көрсетті. Бұл отандық бизнестің трансшекаралық қаржы операциялар бақылауынан оңай өтуіне мүмкіндік береді.

Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия-Тынық мұхиты тобында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Бұл осы аймақтағы елдермен қарым-қатынастың тиімділігін арттырады.

Үкімет Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Құжатта сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік және көлік салаларындағы көлеңкелі операциялардың деңгейін төмендету шаралары қамтылған.

ҚМА жұмысының нәтижесінде: жыл басынан бері 94 миллиард теңге шығын өтеліп, активтер қайтарылды, 5 қылмыстық топ жойылды, тағы 3 іс жүргізіліп жатыр.

Бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша отын-энергетика кешенінде, коммуналдық қызмет көрсету және газ саласында бірқатар іс тергеліп жатыр.

Азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың қызметі тоқтатылды, елімізге құны 5,3 миллиард теңге болатын электронды темекі әкелуге жол берілмеді.

Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-әрекеттер нәтижесінде 11 жасырын казино және 2 букмекерлік кеңсе таратылды.

22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, салымшыларға келтірілген 1,9 миллиард теңге шығын өтелді, қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 5,3 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды.

14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша баға арзандады.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғауға, сондай-ақ шетелге заңсыз қаражат шығарудың және ұлттық жобаларға бөлінетін бюджет қаржысын жымқырудың жолын кесуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Сондай-ақ оқыңыз