Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Үкіметте Қазақстанның жекелеген өңірлеріндегі қалыптан тыс ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты орнаған ахуалдың ауқымы мен мемлекеттік қолдаудың ықтимал шаралары талқыланды.
Ақпаратқа сәйкес, «Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 119 мың гектар көкөніс дақылдары алқабының 70%-ға жуығы жақсы, ал, 14,4%-ы немесе 24,5 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда. Барлық дәнді дақылдардың 8,3 млн гектары жақсы жағдайда, бұл барлық ауылшаруашылық дақылдарының 50,2%-ы, ал 7,2 млн гектары, яғни, 43,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Майлы дақылдар сәл көбірек зардап шекті, жақсы жағдайдағылары 43,6% немесе 1,4 млн га, қанағаттанарлығы – 47,7% немесе 1,5 млн га.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің дерегінше, биыл өңірлерге жем-шөп құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна астықтың жем-шөп қорын қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл астық мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен қолдау ретінде жіберіледі. Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп жинау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизельдік отынының қосымша көлемі бөлінетін болды.
Сонымен қатар, ақпаратқа сәйкес, елімізде ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді, соның ішінде құрғақшылықтың салдарын жою құралдарының бірі ретінде егін мен ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыру қарастырылған. Өсімдік және мал шаруашылығында 16 сақтандыру өнімі жұмыс істейді. Өткен жылы Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау қағидаларына түзетулер енгізілді, соған сәйкес сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау нормативі 50%-дан 80%-ға дейін өсті.
Дегенмен, Қазақстанның басым бөлігінде фермерлер сақтандыру құралын аз пайдаланады. Биыл барлығы 258,2 мың га дәнді және майлы дақылдар, 152 мың бау-бақша ағаштары, 5,4 мың мал (ірі қара, ұсақ мал, жылқы), 428,2 мың құс сақтандырылған. Сақтандыру сыйлықақысы 1,6 млрд теңгені құрады, оның 1,3 млрд теңгесі субсидияланды. Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға республикалық бюджеттен бөлінген 5,9 млрд теңге қаражаттың тек 2,4 млрд теңгесі ғана игерілген.
Бұған дейін, «Қазақстан ғарыш сапары» егіс дақылдарының жай – күйіне жүргізілген спутниктік бағалау нәтижелерін жария еткен еді.
Сонымен қатар, «Қазақстан ғарыш сапары» жай-күйі нашар және өте нашар деп бағаланатын дақылдар анықталған жағдайда өнімділіктің төмендеуіне немесе оның толық болмауына әкелуі мүмкін екенін ескерткен. Бұл бағалау көрсеткіші 39,3% пайызды құрапты.
«2023 жылғы 10 шілдедегі жағдай бойынша ҚР дәнді ауыл шаруашылығы дақылдарының егілген алқаптарының ауданының жай–күйі ЖҚЗ деректері бойынша бағалануы: өте жақсы – 1 059 681,15 га (дәнді ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданының 6,4%), жақсы – 2 052 346,0 га (12,4%), қанағаттанарлық – 6 910 060,5 га (41,9%), нашар – 4 333 005,2 га (26,3%), өте нашар – 2 129 328,2 га (13%)» делінген хабарламада.
АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев күннің ыстық болуы елдегі егінге әсер етпейтінін мәлімдеген.