Жаңалықтар

ҰҚК Қырғызстанда халықаралық есірткі тасымалын жоюға атсалысқанын хабарлады

Фото t.me/knbgov_kz
Фото t.me/knbgov_kz

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары Қырғызстан Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына тосқауыл қойды. Қырғыз елінде ТМД елдерінің аумағында таралып келген психотроптық заттардың ірі өндірісін жою бойынша операция жүргізілді. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның арнайы қызмет органдары Қырғызстан аумағындағы ірі есірткі лабораториясы жұмыс істейтінін анықтаған. Мәлімет қырғыз тарапына жолданған.

«Нәтижесінде 2023 жылғы 29 шілдеде Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі Бішкек қаласының маңында синтетикалық есірткінің дайын партиясын тасымалдау үстінде жергілікті есірткі қылмысына қатысы бар топтың көшбасшысын және оның екі көмекшісін қолға түсірді. Тінту кезінде 30 келі «мефедрон», 2.2 тонна прекурсорлар, сонымен қатар есірткі өндіретін құрылғы табылып, тәркіленді», делінген хабарламада.

Шет елдердің құзыретті органдарымен өзара әрекеттесе отырып халықаралық есірткі трафигі арналарын анықтау мен жолын кесу жұмысы жалғасуда.