Фото: kursiv.media
«Оператор РОП»-тың бұрынғы құрылтайшысы экстрадицияланды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баспасөз қызметі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Бас прокуратурасы мен Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға халықаралық іздеуде жүрген «Оператор РОП» ЖШС-ның бұрынғы құрылтайшысы Ш.Мұқтарованы экстрадициялады», делінген баспасөз хабарламасында.
Ол «Оператор РОП» ЖШС бас директоры С.Коротенкомен бірге 920 млн теңге жымқырды деп күдіктеледі. 27 шілде күні сағат 19:01-де Мұқтарова Астана қаласының әуежайының аумағында ұсталып, тергеу изоляторына қамалған.
Еске сала кетсек, 30 маусым күні агенттік аса ірі мөлшерде қаражат жымқырды деген күдікпен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Муктарова Шнар Уралгазыновнаға халықаралық іздестіру жарияланған болатын. Ал 5 шілде күні ол Дубай қаласында ұсталып, Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдары қамауға алды.
Ал 3 шілде күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Оператор РОП» ЖШС басшылары мен бұрынғы экология вице-министріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталғандардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, сот сараптамалары, мамандардың қорытындылары және келтірілген залалдың мөлшері 28,2 млрд теңгеге белгіленген аудиторлық есептер арқылы дәлелденіп, бұл іске қатысы бар азаматтар 2 жылдан 7 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру туралы жазаға кесілді.