Еліміздегі өнеркәсіптік әлеуеттің 50%-дан астамы сейсмикалық қауіпті өңірлерде шоғырланған

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Қазақстан аумағының сейсмикалық аудандары ел аумағының жалпы ауданының шамамен 40%-ын алып жатыр. Еліміздегі сейсмикалық қауіпті өңірлерде, шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстікте өнеркәсіптік әлеуеттің 50%-дан астамы шоғырланған. Бұл аумақтарда 7 млн. астам адам тұрады және 400-ден астам қалалар мен елді мекендер орналасқан.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі жария талқылауға шығарған «Қазақстан Республикасы сейсмологиялық саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасында айтылған.

Алматы және Шымкент қалаларының, Алматы, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумақтары сейсмикалық қауіп басым. Ал бүкіл Орталық Азиядағы сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірінде орналасқан Алматы қаласы апатты жер сілкіністеріне барынша бейім.

«Сонымен қатар, мұнай мен газды өндіру литосфераның жоғарғы бөлігіне көп әсер етеді, нәтижесінде ол тұрақсыз күйге түседі, ол әртүрлі техногендік апаттар, соның ішінде техногендік жер сілкіністері түрінде жүзеге асырылады. Қазақстанның батыс өңірлерінің техногендік сейсмикалылығы жеткіліксіз зерттелгені өзекті мәселе болып табылады. Түрлі төтенше жағдайлардың, соның ішінде мұнай төгілулерінің ықтимал салдарын болдырмау және азайту мақсатында өңірде техногендік жер сілкіністерінің туындау ықтималдығын зерделеу қажет», делінген құжатта.

Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу үшін сейсмология салаларын дамыту; құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін және сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; көрсетілген салаларға цифрлық технологияларды кеңінен енгізу; жоғары білікті кадрларды даярлау процесін сапалы жаңа деңгейге көтерудің басым бағыттарын айқындау; мемлекеттік органдар, бейінді ұйымдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру жөніндегі кең ауқымды кешенді шараларды іске асыру қажет деп санайды.

«Жобаны іске асыру үшін 2024-2028 жылдарға72 450 120 мың теңге сомасына республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етіледі», делінген қаулыда

Сондай-ақ оқыңыз