Елімізге импортталатын ресейлік 13 түрлі сүт өнімінің сапасы стандартқа сай келмейді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстанға сүт импорттайтын Ресейдің 5 кәсіпорнының 13 түрлі сүт өнімдерінің сапасы стандартқа сай келмейтіні анықталған. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер сатып алған 13 түрлі импорттық өндірушілердің сүт өнімдерінің 19 атауынан май-қышқыл құрамы бойынша сәйкессіздіктерді анықтады» делінген хабарламада.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптау нәтижелері бойынша 5 кәсіпорынның – «Оңтүстік сүт зауыты» ЖШҚ, «Саратов сүт комбинаты» ЖШС, «А-7 Агро-Орынбор сүт комбинаты» ЖШС, «Энгельский сүт комбинаты» ЖШС және РФ «ВБД» ЖШС-нің  өндірген сүт өнімдері тексерілген.

«Шекарада күшейтілген зертханалық бақылау жүргізу шеңберінде «Саратов сүт комбинаты» ЖШҚ өндірген майлылығы 3,2% «Добрая буренка» ультрапастерленген сүтіндегі май-қышқыл құрамының сәйкессіздігі қайта анықталды. Осы кәсіпорынның өнімдерін Қазақстан аумағына әкелу уақытша шектелді», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясынан жеткізілген сүт өнімдеріндегі сәйкессіздіктер анықталғанын Ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау жөніндегі федералды қызметіне хабарлаған.

Сонымен қатар, баспасөз қызметі санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің сүт өнімдеріне сәйкестік туралы 42 декларацияның күшін жойғанын хабарлады. Себебі, бұл декларация май-қышқыл құрамы бойынша Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмеген. Сондай-ақ аккредиттелмеген сынақ зертханаларында рәсімдерді бұза отырып сәйкестік декларацияларын тіркеу фактілері анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз