Ресейлік Райффайзенбанк кассаларында тұрғындардан доллар мен еуроны қабылдау тоқтатылады

Жарияланды

Ресейлік Райффайзенбанк 1-тамыздан бастап банк кассаларында жеке тұлғалардан АҚШ доллары мен еуроны қабылдау мен сатып алуды тоқтатады. Бұл туралы аталған банк таратқан хабарламада айтылған..

«Бұл шешім банктің валюталық ұстанымын тиімді басқару қажеттілігімен байланысты. Жағдай өзгерген кезде, бұл мүмкіндік қайта пайда болады», — деп түсіндірді бұл шектеуді несие ұйымы.

Валюталық аударымдар және рубльді шетел валютасына конвертациялауды онлайн-банк және мобильді қосымшада жүргізуге болады.

Сонымен қатар, банк банкоматтары арқылы шотқа рубль салу барысында алынатын комиссия көлемі де 1-тамыздан бастап ұлғаяды.

Франкмедиа онлайн басылымының дерегінше, Райффайзенбанк талаптары бірте-бірте қатайып келеді. Атап айтқанда, маусым айының соңынан бастап, бұл қаржы ұйымының клиенттері Ресей, Әзірбайжан, Армения, Белоруссия, Грузия, Иордания, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, БАӘ, Тәжікста, Түркіменстан, Өзбекстан елдеріндегі банктерге еуромен шығыс төлемдерді жүргізе алмайды.

Ал, биылғы наурыз айында банк заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге валюталық шоттар ашпайтынын хабарлаған болатын.

Естеріңізге саламыз 20 шілде АҚШ ресейлік 5 банкке санкция салған болатын. Ол тізімде «Юнистрим» компаниясымен қатар, «Тинькофф», Локо-банк, Петербургский социальный коммерческий банк, «Солидарность» бар.

2023 жылдың 21 шілдесінен бастап, «Қазпошта» АҚ «Юнистрим» компаниясының санкциялық тізімге ілінуіне байланысты, «Юнистрим» ақша аударымдарын қабылдауды/беруді тоқтатты. Бұл ақпаратты «Қазпоштаның» баспасөз қызметі растады.

Ал, «Нұрбанк» ресейлік «Юнистрим» төлем жүйесі арқылы ақша аудару мен қабылдауды жалғастыруда. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне банктің колл-орталығынан хабарлады.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясындағы 13 маңызды несие ұйымының 11-інде банкомат арқылы шетелдік валютаны енгізу опциясы жоғалғанын хабарлаған болатынбыз.

Ресейлік Сбербанктің банкоматтарында шетелдік валютаны енгізу қызметі жоғалған. Ал, ВТБ банктің клиенттері өткен жылғы 19 сәуірден бері банкомат арқылы өз есеп шоттарына батыс валюталарын салу мүмкіндігінен айырылған. «Открытие» банкі және Райффайзенбанк пен Юникредитбанктен де банкомат арқылы шотқа валюта салу тоқтатылған.

Сондай-ақ оқыңыз