3 пациентті АИТВ жұқтырған Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Н. Б. Табынбаев жұмыстан шеттетілді. Оған Еңбек кодексінің 48 – бабы 2-тармағының 6) тармақшасы негізінде осындай шара қолданылды. Ал, ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасының негізінде аурухананың эпидемиология бойынша бас дәрігер орынбасары, реанимация меңгерушісі, стационардың бас медбикесі және реанимация бөлімшесінің аға медбикесі теріс себептерімен жұмыстан шығарылды.
Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде «Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында АИВ-ны анықтау бойынша тексеру қорытындысы туралы» өткен брифингте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков мәлімдеді. Ол аталған факті бойынша комиссия жұмысының қорытындысы шығарылғанын мәлім етті.
«ОҚКА-дағы жағдай көрсеткендей, бұл пациенттерді уақтылы тестілеу және регламенттерді сақтау осы жағдайды оқшаулау бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуге мүмкіндік берді. Тағы да қайталаймын және Сіздердің назарларыңызға қаланың медициналық мекемелеріндегі инфекциялық қауіпсіздік тұрақты бақылауда және қала тұрғындарына медициналық көмек көрсету кезінде жүйелі қауіп-қатер жоқ екеніне назар аударамын», – деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Сондай-ақ, брифинг барысында пациенттердің жұқтыру фактісі адами фактормен, атап айтқанда, орта медициналық персоналдың жекелеген қызметкерлерінің санитариялық–эпидемиологиялық нормаларды бұзуымен байланысты екені айтылды.
Комиссия жұмысының қорытындысы бар анықтама материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау және әрбір жауапты тұлғаның жауапкершілік шарасын одан әрі айқындау үшін қалалық Полиция департаментіне жіберілген.
Естеріңізге сала кетсек, АИТВ-ның 3 жағдайы анықталған Орталық клиникалық ауруханада жоспардан тыс тексеру басталған болатын.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрлік Алматыдағы қалалық ауруханада үш адамның АИТВ жұқтыруына кінәлілерді іздеп жатқанын мәлімдеді.
Тексеру барысында барлық пациенттердің 2023 жылдың сәуір айында ОКҚА-ның бірнеше бөлімшелерінде медициналық көмек алғаны анықталды.