Жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына байланысты 110 қылмыс анықталған. Бұл жайлы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының бастығы Самат Құсетов айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, адам саудасы әртүрлі нысандарда көрінеді және келесі мақсаттарда жасалады. Ол – жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, жаңа туған балаларды асырап алу мақсатында сату, қайыр сұрауға мәжбүрлеу, адам ағзаларының саудасы алып тастау. Көбінесе мұндай қылмыстар ұйымдаса жасалады», дейді басқарма өкілі.
Самат Құсетовтың дерегінше, жыл басынан бері 110 қылмыс тіркелген, 5 іс қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырумен байланысты болса, жезөкшелікпен айналысқаны үшін 14 іс тіркелген. Оның ішінде 7-уі кәмелетке толмағандарға қатысты. 24 істе адам саудасы фактісі анықталса, оның 16-сы кәмелетке толмағандар. Ал сутенерлерлік пен жезөкшелер үйін ұстауға қатысты 67 іс тіркелген.
«Аталған фактілер республикалық және жергілікті көлемдегі жедел-алдын алу және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу, шаруа қожалықтарына, жайылымдық жерлерге, қыстауларға, сауналарға, қонақ үй кешендерін және адам саудасы қаупі бар басқа да нысандарға тексеру жүргізу барысында анықталды. Жалпы елімізде жыл сайын 100-ден астам қылмыс тіркеледі. Осы жылы 5 ұйымдасқан топтың жұмысы тоқтады. 2020 жылы – 1, 2021 жылы – 3, 2022 жылы – 5 ұйымдасқан топ анықталған болатын», дейді Самат Құсетов.
Сонымен бірге басқарма басшысы азаматтарды Бахрейн Корольдігіне, Оңтүстік Кореяға
және басқа елдерге экспорттайтын арналардың жойылғанын хабарлады.
Елімізде «Адам саудасына қарсы күрес туралы» арнайы заң жобасы дайындалып, мәжілісте қаралып жатыр.
«Бұрын халықаралық конвенциялардың көптеген ережелері заңнамаға енгізілгенімен, елімізде жеке заң қабылданбаған еді. Жалпы, арнайы Заңның қабылдануы адам саудасына қарсы күрестің бүкіл жүйесін реттеуге құқықтық негіз береді. Ол субъектілердің шеңбері мен рөлін, сондай-ақ олардың арасындағы өзара әрекеттесу механизмін анықтайды. Ол қателіктерді, жаңа қауіптерді анықтауға және оларға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік беретін тәуекелдерді бағалау сияқты жаңа тетіктер арқылы адам саудасына тосқауыл болады», деді ІІМ өкілі.