Блокчейн технология туралы үздік 7 кітап
Блокчейн-технологиялар әлем бойынша қатты қарқынмен еніп жатқанымен, бұл тақырыпта егжей-тегжей жазылған кітап көп деуге келмейді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі — технологияның өте таз дамып жатқаны. Авторлар зерттеу жасап, кітап жазып, оны өңдеп, баспаға шығарып үлгергенше көп нәрсе өзгеріп кетіп жатыр. Ал екінші себеп — түпнұсқада оқи алмайтындарға аударманың да кешігіп жететіні.
Мәселен 2020 жылға дейін әлемде блокчейн-технологияның флагманы Қытай болған еді. Кейіннен ол жақта тыйым салынып, майнерлер мен алпауыт крипто-компаниялар Америка, Еуроодақ елдері, Аустралияға көшіп кетті. Яғни ақпарат алғысы келген оқырман көбіне ағылшын тіліндегі әдебиетті оқуы керек. Қазақшаға аударылуын айтпағанның өзінде орысша аудармасы да көп емес. Әрі аударылса да, арада уақыт өтіп кеткендіктен ақпарат біршама ескіріп қалатыны тағы бар. Әйтсе де, дижитал валюта, блокчейн жайлы оқығысы келетіндерге пайдалы, ішіндегі мәліметі қай кезде де өзекті болатын, көлемді әрі көпшілікке ұнаған кітаптар топтамасын әзірледік.
Digital Gold: Bitcoin and the Inside Story of the Misfits and Millionaires Trying to Reinvent Money/«Цифровое золото: Невероятная история Bitcoin», Натаниэль Поппер.
Автор — The New York Times басылымының журналисі, қаржы және технологиялар туралы жазады. Кітап 2015 жылы жарыққа шыққан. Мұнда тәуелсіз халықаралық валюта жасау идеясы әлемдегі барлық ірі бизнес пен қаржыгерлерді қызықтырып, еліктіргені, биткоин тарихы туралы айтылады. Кейіпкерлері де әр түрлі. Ішінде қытайлық бизнесмен де, финляндиялық студент те, аргентиналық миллиардерде де, физик-наркобарон да, тіпті америкалық сенатор да бар. Сонымен бірге биткоиннің «атасы» — Сатоши Накамото туралы да жазылған. Натаниэль Поппердің ойынша, болашақта криптовалютаны екінің бірі қолданатын болады. Бұл іскерлік әдебиет болғанымен, оқуға өте қызық. Сюжеті оқырманға ұнайды. Шағын ғана энтузиастар тобы бастап, кейіннен ол әлемдік өнертабысқа айналғаны жайлы оқиға еліктірмей қоймайды. Нарыққа енді қадам басып келе жатқандар оқыса болады. Өйткені мұнда ауыр әрі түсініксіз терминдер жоқтың қасы. Барлығы жеңіл тілмен жеткізілген. Криптовалютаның болашағы туралы да, кемшіліктері жайлы да жазылған.
The Age of Cryptocurrency: How Bitcoin and the Blockchain Are Challenging the Global Economic Order/ «Эпоха криптовалюты: как биткойн и блокчейн бросают вызов мировому экономическому порядку» Пол Винья, Майкл Кейси.
Wall Street Journal шолушылары Пол Винья мен Майкл Кейсидің бірлесіп жазғаны кітабы. Мұнда авторлар криптоиндустрияның қандай бағытта дамуы мүмкін екені жайлы ой толғайды. Дижитал валютаның болашақта өте маңызды рөл ойнайтынын айта келе, соған қазірден дайындық жасауға шақырады. Жаңа нәрседен көбі қорқатыны белгілі. Сондықтан олар оқырманның сол қорқынышын сейілтуге тырысады. Жаңадан бастағандардың жіберетін қателері, биткоин туралы аңыздарды айтып, блокчейннің жұмыс істеу принципін түсіндіреді. Бұл кітаптағы біраз ақпарат ескіріп кеткенін айта кету керек. Мәселен, кітап шыққан кезде биткоин энтузиастарға арналған ниша болса, қазір ол жағдай өзгерді. Бүгінде бірінші криптовалютаның капитализациясы 1,1 трлн долларға жетті. Кітап жарық көрген кезде биткоин құны 200-500 доллар шамасында болған еді. Қазір сары жетонның нарықтағы бағасы — 60 000 доллар. Бірақ жалпы индустрияның қандай бағытта жылжитыны туралы ой-толғамдар өте жақсы жасалған.
Mastering Bitcoin: Programming the Open Blockchain/ «Осваиваем биткойн. Программирование блокчейна», Антонопулос Андреас М.
Ірі биткоин-стартаптардың директор кеңесінің мүшесі, инвестор Адреас Антонопулостың жазған кітабы. Биткоинның жұмыс істеу принципі туралы жеңіл тілде жеткізеді. Халықаралық экономиканың оның қалай қолданылатыны, криптовалюталарды әлем бойынша заңдастыруда кездесетін техникалық және құқықтық мәселелер де сөз болған. Мұнда смарт-келісімшарттар, симметриялық шифрлау, эфириум секілді түсініктерге анықтама беріледі. Атауындағы «бағдарламалау» сөзіне қарап, күрделі деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Әйтсе де, мұнда барлығы қарапайым әрі түсінікті етіп жазылған. Инвесторлар, бизнесмендер, блокчейн технологиясына тереңірек енгісі келетіндерге арналған кітап.
Blockchain Revolution: How the Technology Behind Bitcoin and Other Cryptocurrencies Is Changing the World/ «Блокчейн-революция: как технологии, лежащие в основе биткойнов, меняют деньги, бизнес и мир» Дон Тапскот, Алекс Тапскот.
Тапскот әулеті бұл индустрияда өте беделді. Кітап авторлары — әкесі мен ұлы. Дон Тапскот жаңа заман экономикасы жайлы бірнеше кітап жазған. Ал ұлы Алекс болса, ондаған блокчейн-жобаны іске асырған, алпауыт венчурлық қордың басшысы. Теория жүзінде ғана емес, практикада да бұл саланы білетін екі адамның жазған кітабын оқып, биткоинның мүмкіндіктері мен келешегі жайлы жаңа қырынан қарауға болады. Авторлардың ойынша, биткоин экономикаға ғана емес, жалпы өмірдің барлық саласына қажет. Адамзат өркениетінің дамуына жаңа қарқын әкеледі деседі. Биткоинның болашағы қалай болады деп ойланып жүргендерге оқуға ұсынылады.
Cryptocurrencies simply explained – by Co-Founder Dr. Julian Hosp: Bitcoin, Ethereum, Blockchain, ICOs, Decentralization, Mining & Co/ «О криптовалюте просто», Джулиан Хосп.
Криптовалютаға арналған мобайл әмиян және дебет карталарын шығаратын TenX компаниясының еншілесі, сала эксперті Джулиан Хосптың кітабы. Биткоин, криптовалюта, блокчейн, децентрализация түсініктері туралы жазылған. Онлайн-қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, криптовалютаны қалай қолдануға болады, неден бастау керек — осы жайлы кеңес береді. Автор дижитал ақшаға қатысты терминдерге түгел дерлік түсініктеме жасайды. Сонымен қатар криптовалютаға инвестициялау жайлы екіойлы болып жүргендерге де бір байламға келуге көмектеседі.
Blockchain: Blueprint for a New Economy/ «Блокчейн: план новой экономики», Мелани Свон.
Сатоши Накамото жайлы көп ақпарат табылмайды. Десе де, оның биткоин дижитал валютасының концепциясын жасағанын көпшілік жақсы біледі. Нұсқаулық жасап, биткоин алмасуға арналған қолданбаны тегін таратқан. Мелони Свонның айтуынша, бесінші компьютерлік парадигманың уақыты жетті. Блокчейн — орталықсыздандырылған желі. Мұнда қатысушыларға деген сенім хаттама деңгейінде жүзеге асады. Бұған дейін ешбір желі қатысушылар арасында кіріктірілген экономикалық байланыс болмаған. Технология компьютерлік, коммуникациялық желілерді, криптографияны және жасанды интеллектіні біріктірді. Блокчейнді тәуелсіз және орталықсыздандырылған құрылым тұрғысынан қарастыратын философиялық нұсқаулық, шағын брошюра. Автор биткоин эволюциясының ықтимал жолдарын қарастырады, жақын болашақта блокчейн технологиясын пайдалану нұсқаларын ұсынды және дижитал валюталардың принциптерін түсіндіреді.
How Money Got Free: Bitcoin and the Fight for the Future of Finance/ Как деньги обрели свободу, Брайан Патрик Эха.
Entrepreneur Magazine журналының редакторы. Мұнда криптоиндустрияның беделді ойыншылары, қызық оқиғалар, ең көп шу тудырған сот отырыстары туралы айтылады. Миллионерлер блокчейн-жобаларға қалай миллиондаған инвестиция құйғанын, энтузиастар танымал желілерді нөлден бастаған оқиғаларын оқырман осы кітаптан біледі. Криптовалюта тақырыбына қызығатын кез келген адамға оқуға ұсынылады.