Осы аптада «ҚазМұнайГаз» акцияларының бағасы қайта өсе бастады. Бұның басты себебі неде? Kursiv.kz белгілі сарапшылардың пікірін білді.
«DAMU Capital Management» ЖШС бас директоры Мұрат Қастаевтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» акцияларының өсуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, мұнайдың бағасы соңғы аптада қайта қымбаттай бастады, қазір Brent сұрыпты «қара алтынның» 1 баррелі 81 АҚШ долларына жетті.
«Ал оның алдында шамамен 3 ай бойы 70 пен 80 доллар арасында болды. Бағаның өсуіне ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін шектеуі және Сауд Арабиясы мен Ресей жағынан қосымша мұнай өндірісін азайту туралы шешімдері әсер етті. Ал аталған шикізат құнының өсуі ҚМГ акцияларына тікелей оң әсер етеді», – деп атап өтті сарапшы.
Екіншіден, 2023 жылдың ІІ тоқсаны және бірінші жарты жылы бойынша есеп беру мерзімі таяп қалды. Егер ҚМГ өндірістік және қаржылық көрсеткіштері жақсы болып шықса, онда компанияның дивиденд төлеуге мүмкіндігі болады, ал дивиденд төлеу акцияның бағасына серпін береді.
Үшіншіден, әлемнің ең ірі экономикасы – АҚШ-та инфляция бәсеңдей бастады. Ол АҚШ-тың Федералдық қор жүйесі базалық мөлшерлемесін әрі қарай көтермейді деген болжамдарға ықпал етті. Нәтижесінде АҚШ долларының индексі төмендеді, яғни америкалық валюта әлсірей бастады. Ал әлемдегі бүкіл шикізат тауарларының бағасы доллармен белгіленетіндіктен, оның әлсіреуі шикізат бағаларының қымбаттауына әкеледі.
«Тағы есте сақтау керек, ҚМГ акциялары биржаға бірден арзан бағамен шығарылды, яғни бағаның өсуіне арнайы мүмкіндік қалдырылды. Сондықтан, қазіргі кезде ҚМГ акциясы өзінің шынайы құнына жеткен көрінеді», – дейді Мұрат Қастаев.
Алайда, сарапшының пікірінше қазіргі кезде ҚМГ үшін ішкі және сыртқы факторлар қолайлы болғанымен, акция бағасының әрі қарай өсуіне бірнеше кедергі бар. Біріншіден, егер әлемнің ең ірі экономикалары – АҚШ, Қытай, Евроодақ елдерінде экономикалық өсім бәсеңдей бастаса, немесе мүлде тоқтап қалса, мұнай бағасы күрт төмендейді, себебі «қара алтынға» деген сұраныс экономика дамып жатқанда ғана артады.
Екіншіден, ҚМГ мемлекеттік компания болғандықтан, оған әлеуметтік ауыртпалық тым көп артылады. Яғни, ҚМГ толық жеке меншік компания болғанда, ол еліміздің батыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге қаржы салмайтын еді, одан компанияның таза табысы күрт артып, акция бағаыы да қатты өсетін еді.
«Алайда үкімет ҚМГ-ні өзінің қосымша «қалтасы» деп есептеп, оған бизнесіне тікелей қатысы жоқ қосымша міндеттерді артып қойды. Бұл шығындар компанияға пайда әкелмей, табысына ауыртпалық түсіріп, тапқан қаражатын «жеп» отырады. Нәтижесінде, ҚМГ дамуына инвестиция жетпейді, жаңа мұнай кен орындарын зерттеу мен игеруге қаражат салынбайды, компания тек кезінде Кеңес Одағы бар жылдары ашылған ұңғымаларын пайдаланып отыр. Жаңадан кен орындарын іске қосып отырған жоқ. Кейбір болжамдарға сәйкес, ҚМГ мұнай қорлары 17 жылдың ішінде таусылып қалады. Сондықтан, қысқа мерзімде ҚМГ акциялары өсіп жатса да, ұзақ мерзімді перспективада өсім көрсетуге мүмкіндігі шектеулі және ұзақ мерзімді инвестиция ретінде менің жеке басым оны қарастырмайтын едім», – деп топшылады сарапшы.
Ал экономист Бауыржан Шурмановтың айтуынша ҚМГ «Самрұқ-Қазына» атты «алтын тәждің» гауһар тасы екенін ұмытпау керек. Ол тек өзін ғана емес, бүкіл елдің әл-ауқатын қамтамасыз ететін компания. Бұл ретте нарықтағы сұраныстың азаюы мен бағаның өсуін де ескеру керек.
«Бір айда Brent маркасының өсімі 8%-ды құрады. Компанияның кірісі де өсті. Сонымен қатар ҚМГ экспортты Ресейсіз арттырудың жақсы стратегиясын таңдады, мұны нарық жақсы қабылдады. Біз соңғы айларда Әзербайжан, Қытай және тіпті Германия арқылы экспорт көлемін арттыру жоспары туралы көптеген жаңалықтарды оқып отырмыз. Мұның бәрі акция құнына әсер етеді. Ал негізгі себепке келсек, ҚМГ қазір санкция ережелеріне сай жұмыс істеп келе жатқан жалғыз компания. Бірақ қатерлер де бар. КТК бойынша негізгі бағыт Ресей арқылы, танкермен Қара теңіз арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағытта түрлі келеңсіздіктерді ескерсек, біздің танкерлер оқыс жағдайларға тап болса, онда ҚМГ қатер аймағында шығады. Мұндай жағдайда инвесторлар бірден компаниядан теріс айнала бастайды, бұл бағаға әсер етеді», – дейді сарапшы.
Ал, акция бағасының ұзақ уақыт бойы өсу-өспеуі шикізат бағасы мен экспортты диверсификациялау жоспарына байланысты. Егер жоспарлар жылдамырақ жүзеге асса, алдағы уақытта да өсімді көре аламыз.
«Бұрын акцияға мұндай бағаны инвест үйлері мен брокерлер ІРО старт алған кезде-ақ қоя беретін. Нарықтағы барлық қиын жағдайға қарамастан ҚМГ Қазақстандағы негізгі компания, егер ол өсім көрсетпесе басқа компаниялардың да мүмкіндігі шектеулі. Нарық Air Astana акцияларының да сатылымға шығуын күтуде. Егер ҚМГ нарықта құлдыраса, инвесторлар «Самрұқтың» басқа компанияларының акцияларын сатып алмас еді», – дейді экономист.
Сарапшының пайымынша, нарық «ҚазмұнайГаздың» Лондон биржасындағы листінгін күтуде. ІРО өткізілген кезде «Самрұқ» басшылары компания акцияларын Лондон биржасына шығару туралы уәде берген. ІРО өтті, енді көпшілік Лондонды күтеді. (Еске сала кетсек, қазір ол жерде Халық, Kaspi, Қазатомөнеркәсіп акциялары орналастырылған). Тек көпшілік қана емес ҚМГ өзі де әу баста Лондонды көздеген, инвесторлардың көпшілігі де сол мақсатпен оның құнды қағаздарын сатып алды, әрі қазір сол үшін ұстап отыр. Листинг бойынша әрекет басталысымен акциялар бағасы бір құнды қағаз үшін 13-15 мың теңгеге дейін шарықтап кетуі мүмкін.
ҚазМұнайГаз, ҚМГ, акция, Қазмұнайгаз акциясы, қор нарығы, Мұрат Қастаев, Бауыржан Шурманов