Сауд Арабиясы Түркияға әскери дрондар шығаратын Baykar компаниясының 100% акциясын сатып алуды ұсынды. Бұл туралы Gazete Pencere агенттігі хабарлайды.
Агенттік дерегінше Сауд Арабиясы күтпеген жерден Baykar компаниясын сатып алуға қызығушылық танытқан. Бірақ атақты әскери дрондар шығаратын кәсіпорын акцияларының 40%-ынан астамын сатуды жоспарламайтынын мәлімдеген.
Түрікия мен ең ірі жеке ұшқышсыз ұшатын аппараттар өндіруші компания бұл ақпаратқа қатысты еш түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Түркия Президентінің Сауд Арабиясына сапары кезінде Baykar аталған елмен құны 3 млрд доллардан асатын шабуылдаушы ұшқышсыз қалықтайтын аппараттарды жеткізу туралы келісімге қол қойды. Бұл Түркия үшін әскери-өнеркәсіп саласындағы ең ірі бір реттік экспорттық келісімшарт.
БАҚ мәліметінше, аталған ұсыныс дәл осы сапар кезінде жасалған.
Еске сала кетсек, Bayraktar – Түркияда шығарылатын оперативті-тактикалық әскери шабуылдарға арналған орта биіктікте ұшқышсыз ұшатын аппарат.
Құрылғы 12-ден 24 сағатқа дейін ауада қалықтап, нысананы бақылауда ұстайды. Максималды басқару қашықтығы 150 шақырымнан асады. Аппарат нысананы анықтағаннан кейін зымырандарды ұшыру үшін алдыңғы шепке жылдам өтуге мүмкіндік береді және оны тұрақты бақылауды ұстайды.
Bayraktar 2020 жылы Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыс кезінде көптеп қолданыла бастады. Оларды Әзербайжан армиясы көптеп қолданған.
Жуырда РИА новости Украинада Bayraktar дрон зауытының құрылысы басталғанын хабарлады.
Компания зауыттың жобасын жасап, жер телімін алған. Киев пен Анкара Украинада ұшқышсыз ұшақтар шығаруды дамыту туралы меморандумға қол қойған
Зауыт құрылысына жауап ретінде Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл зауытты ресейлік әскерилердің жою мүмкіндігі туралы хабарлады. Baykar бас директоры Bayraktar TB2 және Akinci дрондары шығарылатын зауытты 2025 жылы іске қосу жоспарланғанын хабарлады.